Қарағандылық полицейлер қаза тапқан әріптестеріне арнап ән жазды (ФОТО, ВИДЕО)
«25 әріптесіміз қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тауып, берген анты мен өз халқына адал болып қалды. Бүгін арамызда олардың ата-аналары, әйелдері, балалары отыр. Біз оларды ешқашан ұмытпауымыз керек, себебі олардың жұбайлары - әкелері әрқашан жүрегімізде тірі болып қала береді», - деді салтанатты жиналыста сөз сөйлеген Қарағанды облыстық ІІД-нің бастығы, полицияның генерал-майоры Мергенбай Жаппаров.
Ол қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына сыйлықтар табыстады. Мерекелік концертте қаза тапқан полицейлерге арнап шығарылған «Ерлік дастаны» атты ән шырқалды. Оны Оңтүстік-Шығыс ПБ ювеналдық тобының инспекторы, полиция лейтенанты Қуаныш Медеубаев пен облыстық ІІД мұражайының директоры Айжамал Айтжанова жазған. Жаңа музыкалық композицияның бейнебаянын ІІД-нің баспасөз қызметінің қызметкерлері түсірді. Бұл ән қаза тапқан полицейлер туыстарының көңілін елжіретті. Қарағандылық полицейлер сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған ІІБ қызметкерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.