Қарағандылық полицейлер «түнгі жарысқа түсушілерге» қатысты арнайы жұмыстар өткізуде

ҚАРАҒАНДЫ. 6 маусым. ҚазАқпарат - Қарағандыда жол полициясы «түнгі жарысқа түсушілерге» қатысты арнайы  жұмыстарды қолға алды.

Қарағандылық полицейлер «түнгі жарысқа түсушілерге» қатысты арнайы жұмыстар өткізуде

Бұл туралы Қарағанды облысы ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.

«Соңғы кезде Қарағандыда түнгі уақытта орталық көшелер мен тұрғын үй массивтерінде жастар жиналып, көліктерімен жарыс ұйымдастыратын көңіл көтерулері жиілеп кетті. Жастардың бұл кеңсіз істері қарапайым тұрғындардың тыныштығын бұзды», - деп атап өтілді полицияда.

Ведомствоның берген ақпаратына қарағанда, бір түннің ішінде жол полициясы қызметкерлері мотоциклшілдердің  жол ережесін бұзуы бойынша 3 фактіні әшкере етті. 

«Гоголь көшесінде мемлекеттік нөмірсіз жас жігіт басқарған «Ямаха» маркалы мотоцикл анықталды. Жүргізушінің арнайы бас киімі де болмаған. Жол полициясы қызметкерлерінің көлігін байқаған ол бағдаршамда тоқтаған кезде мотоциклін тастай қашып, ізін суытқан», - деп хабарлады облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.

Мотоцикл айып тұрағына қойылды. Полиция қызметкерлері мотоциклдің иесін іздеуде.

Сонымен қатар полицейлер «XFNTO» скутерін мінген 15 жасар жас қызды ұстаған. Жас қыз арнайы бас киімсіз келе жатқан, тіпті қажетті жарық беру құрылғысы жоқ болған. Полиция қызметкерлері жас қыздың ата-анасын оқиға орнына шақырған. Бәрі ескертумен аяқталды.

«Арнайы шара жалғастырылуда»,- деп хабарлады облыстық ІІД.