Қарағандылық тігінші 30 жылдан бері құндыз бөрік пен сәукеле тігумен айналысады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласының тұрғыны Нұржан Асаубаев қазақ ұлттық бас киімдерін тігумен айналысады. Ол басшылық жасап отырған 25 әйелден құралған ұжым сәнді бөріктер, сәукеле, тақия, тымақ тігеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қарағандылық Нұржан Асаубаев 30 жылдан бері тігін тігеді. Бұл өнерге оны әжесі мен анасы баулыған.
«Қарқаралыда бұрынғы Жаңа жол, қазіргі Қумая деген ауылда тұрған кезіміз еді. Сол кезде алтыншы сыныпта оқып жүргенімде теріден алғаш рет бас киім тіктім. Әжем де, анам да тігінші болғандықтан қанмен берілді ме, білмеймін, әйтеуір осы өнерге әуес болдым», - дейді шебер.
Мектеп бітірген соң Нұржан Асаубаев әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеп келген соң ауылдан Қарағандыға көшкен.
Бастапқыда бір жыл құрылыс саласында жұмыс істедім, дейді шебер. Дегенмен тігуге деген құштарлығы басым болып, сол кезде «Тұрмыс үйі» деп аталған тігін цехына орналасқан.
Ол жерде тон тігетін бөлімшеде жұмыс істеген. Ол 1986 жыл болатын. Цехқа оқушы ретінде орналасқан.
Бастапқыда алты ай тәжірибеден өтіп, ай сайын 50 сом жалақы алып отырған. Сонан соң цех басшылары оны тон тігетін шебер ретінде ресми түрде жұмысқа алды.
Міне, содан бері осы күнге дейін тігінмен айналысып келеді.
«Көбіне бас киімдер: құндыз бөрік, теріден тақия, бөрік, тымақ тігемін. Кейде тапсырыс бойынша құндыз жағалы шапан тігемін. Жұмысымның басым бөлігі - теріден жасалған бұйымдар. Кейінгі 20 жыл бойы «Нұр әсем» фирмасында жұмыс істеймін. Бірақ үйден жұмыс істегенді ұнатамын. Маған олар тапсырыс береді, сосын сол тапсырыс бойынша бас киім тігемін. Көбіне бишілердің топы, сәукеле, тақиясына тыпсырыс көп түседі», - дейді тігінші.

Қазіргі уақытта қыз балалардың ұзату тойына арналған шекелігі бар, үкілі сәукелеге тапсырыс көп түседі екен.
Сонымен қатар сыйлық, құрметті қонақ келіп жатса, соларға оюлы, құндыз жағалы шапандар мен бөріктер тігеміз, дейді Нұржан Асаубаев.
Оның қолынан шыққан шапан мен бөрікті Рамзан Қадыровқа, Асанәлі Әшімов ағамыздың иығына жапқанын тігінші мақтан тұтады.
«Бір сәукелені тігуге үш күн уақытым кетеді. Және бұл жерде ең маңыздысы - тапсырысты қаншалықты жылдам тіккенім емес, ол заттың кісіге қаншалықты ұнағаны. Тіпті кейде орындаған тапсырысымның бағасына да қарамаймын, алып жатқан клиентім разы болса, еңбегімнің құнын түсіріп те беремін. Себебі бірінші кезекте мен тігіннен ләззат аламын, екіншіден тапсырыс берушілердің керемет әсер алып, қуанғанын көріп жадырай түсемін», - дейді ол.

Қарағандылық шебер бұл кәсіпті ерекше жақсы көретінін айтады. Алайда жастар арасында оның ізін басқысы келетіндер аз екеніне налитынын жасырмады.
«Бұл жұмыс өте ауыр, шыдамдылықты қажет етеді. Жастар аз уақыт жұмыс істеп, көп ақша тапқысы келеді. Ал біздің бұл жұмысымыз инемен құдық қазғандай. Қаншама уақытымызды жұмсап, бір өнім ғана жасап шығарамыз. Сондықтан жастар бұл өнерге керемет құштар емес. Дегенмен маған осылай тігуді үйретіңізші деп кім кім келсе де, оған ұстаздық етуге дайынмын», - дейді Нұржан Асаубаев.