Қарағандылықтардың байқаушылар қатарында болуға ұмтылысы қуантады - РСБҚК филиалының төрағасы

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында сайлауға бақылау жасау республикалық қоғамдық комиссиясының филиалы аймақтың барлық сайлау учаскелеріне жіберілетін 800-ге жуық байқаушыны даярлады.

 Қарағандылықтардың байқаушылар қатарында болуға ұмтылысы қуантады - РСБҚК филиалының төрағасы

Бұл туралы РСБҚК филиалының төрайымы Наталья Вшивцева хабарлады.

«Біздің басты міндетіміз - тәуелсіз байқаушыларды даярлау. Олар облыстың барлық сайлау учаскелерінде болып, барлығы заңға сәйкес жүргізілуін бақылайды. Бұл дауыс беру барысына еш араласушылықсыз бақылау үдерісі», - деді Н.Вшивцева.

Ол аймақта әрбір сайлау учаскесіне бір байқаушыдан келетін 784 байқаушы даярланғанын нақтылады. Олармен тренингтер өткізіліп, барлығы әдістемелік құралдар алған.

«Байқаушылардың жасы әр түрлі - мұнда студенттер де, зейнеткерлер де бар. Комиссия филиалы ашылған соң өте көп телефон хабарламалары келіп түскен. Байқаушы болуға ниет білдірген адамдар мол болды. Танытылған жоғары азаматтық белсенділік қуантты. Сайлау үдерісімен егжей-тегжейлі танысқысы келетін заң факультетінің студенттері, болашақ саясаткерлер көп. Сондай-ақ қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктер де өз еріктілерін ұсынды», - деп түсіндіріп өтті РСБҚК филиалының төрайымы.

Ол байқаушылардың құрылған тобының үлкен жауапкершілігін атап өтті.

Қоғамдық қызметкердің айтуынша, аймақта сайлауға дайындық барысы жақсы ұйымдастырылды. «Ешқандай тосын жағдайлар болған жоқ. Облыста күрделі тасқын жағдайының қалыптасқанына қарамастан, барлық сайлау учаскелері сайлауды өткізуге дайын. Кейбір жерлерге бюллетеньдер қайықтармен, тікұшақтармен жеткізілген, сондай-ақ тасымалданатын жәшіктер де болады», - деп атап өтті Н.Вшивцева.

Облыстық сайлау комиссиясының ақпаратынша, Қарағанды облысында 784 сайлау учаскесі бар, сайлаушылардың саны 800 мың адамнан асады. Облыста ҰҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының екі байқаушысы жүр. Сондай-ақ ТМД елдері байқаушыларының тобы да келіп жетті.