Қарағандының базарларының бірінде кәмелетке толмаған қырғыз азаматтары еңбекке тартылған - Көші-қон полициясы
ҚАРАҒАНДЫ. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағандыда рейд кезінде қала базарларының бірінде еңбекке заңсыз тартылған кәмелетке толмаған 12 қырғыз азаматы анықталды. Бұл туралы бүгін Қарағанды облыстық ІІД Көші-қон полициясы басқармасы хабарлады.
«Өткен жексенбі, 30 қаңтар күні облыстық ІІД заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөніндегі арнайы жеке взводының қызметкерлері Қазақстан жер аумағында еңбекке заңсыз тартылып жүрген азаматтарды анықтау мақсатында «Шығыс» базарына арнайы рейдтік шараны ұйымдастырды. Нәтижесінде, Қырғыз республикасының 12 кәмелетке толмаған азаматы ұсталды. Олар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекцияға тиісті шешім қабылдау үшін табыс етілді», - деп хабарлады көші-қон полициясындағылар.
Сонымен қатар, осы базарда рейд барысында өзбекстандық үш заңсыз гастарбайтер анықталды. «Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, республиканың аумағынан шығарылды», - деп хабарлады көші-қон полициясы.
Қарағанды облысында осы күндері «Мигрант» жедел-алдын алу шарасы өтіп жатыр. Оның мақсаты - мемлекетаралық іздеуде жүрген және Қазақстанның аумағына заңсыз келіп жатқан шетел азаматтарын анықтау.