Қарақұйрықтарды заңсыз атып алған браконьерлер ұсталды
АҚТАУ. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Анаргүл Жексембай/ - Маңғыстау облысында 11 қарақұйрықты заңсыз атып алған браконьерлер ұсталды.
Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
МО ІІД табиғатты қорғау полициясы бөлімі мен жол полициясы басқармасының қызметкерлері бірлесе отырып жүргізген шаралар кезінде «Қаламқас - Қаражанбас - Ақтау» күре жолы бойында «Рубеж - 20» бекетінен «Тойота - Сюрф» және «Нива» маркалы автокөліктерді тоқтатқан.
Автокөліктердің салонын тексеру кезінде олардан, атып алынған 11 қарақұйрық аңының еті табылды.
Автокөліктердің жүргізушілерінің бірі Ресей Федерациясының азаматы 50 жастағы А. деген азамат болса, екіншісі өз еліміздің 26 жастағы азаматы болып шықты. Олармен бірге автокөлік ішінде 32 жастағы және 55 жастағы екі жолаушы болған. Барлығы да Ақтау қаласының тұрғындары.
Қарақұйрық Қазақстан Республикасының қызыл кітабына енгізілген аңдардың бірі болып табылады. Аталған азаматтар өздерінің заңсыз әрекеттерімен мемлекетімізге 6.652.800 теңге көлемінде шығын келтірген болып отыр.
Қазіргі таңда аталған заңсыз аң аулау фактісіне байланысты тергеу жұмыстары жүргізілуде. Айғақтық заттар мен 11 дана қарақұйрықтың денесі тәркіленіп алынды.