«Қарамасаң, жеріңді қайтарып алады» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 12 тамыз, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Қылмыстық-іс жүргізу, Қылмыстық, Қылмыстық-орындаушылық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстер күшіне еңбек. Осы ретте «Егемен Қазақстан» газеті сол төрт кодекстің негізгісі, яғни заңнамалар ішіндегі негізгі заң - Қылмыстық кодекс туралы барынша кеңірек түсінік алу үшін Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалау алқасының төрағасы Ақылтай Қасымовтан сұхбат алған. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Теріс қылықтың салдарында адамды соттау деген болмайды. Өзіңіз білесіз, қылмыс жасаған адамды соттағанда, оның салдары, яғни соттылығы болады. Мұнда ондай жоқ. Демек, жаңағы теріс қылыққа барған жандар бас бостандығынан айырылмайды деген сөз. Осыған байланысты қамауға алуды өзгерттік. Бұрын әкімшілік қамауға алу 45 тәулік болатын еді, енді ол 30-дан 90 тәулікке дейін ұзартылды. Бұл әкімшілік қамау емес, керісінше қылмыстық теріс қылық үшін қамау болып табылады. Тергеуден іс сотқа түсісімен, сот оны қарайды да 30-дан 90 тәулікке дейін қамауға немесе белгілі бір мөлшерде айыппұл салуға, не түзеу және қоғамдық жұмыстарға тартуға шешім шығарып береді. Бірақ, осы арада айта кету керек, аталған бұл бап 2017 жылдың 1 қаңтарынан ғана күшіне енеді», дейді. Сұхбат «Жаңа қылмыстық кодекс - ізгілендіруге із салу» деген тақырыппен берілген.
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстанның ет-сүт өнімдері одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Иван Сауэр мен «Зенченко және компания» серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченко баспасөз мәслихатын өткізді. Онда осы айдың 6-жұлдызында Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында өзекті мәселенің бірі болған агроөнеркәсіптік сектор туралы айтылды. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сейсенбілік санындағы «Ілгерілетер ілкімді іс» деген тақырыппен берілді. Басылымның жазуынша, журналистер тарабынан қойылған сауалдардың бірі егер Ресей Еуропа елдерінің бірқатарынан азық-түлік өнімдерін импорттауға тыйым салса, отандық ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер өз тауарын Ресейдің босап қалған нарығына тасып, өз елімізде азық-түлік бағасының өсу төңірегінде өрбіген. Бұл сауалға жауап берген Г.Зенченко: «Біз күніне 45 тоннаға жуық сүт өнімдерін өндіреміз және оны тек Қазақстан аумағында ғана сатамыз. Осыған көңіліміз әбден толады. Мәселен, Астана күн сайын біздің өнімнің 20 тоннасын тұтынып отыр. Сондықтан, біздің шаруашылық өз өнімдерін шетелге, сондай-ақ Ресейге асыруға әзірге асықпайды. Бізге ол не үшін керек? Бұл жай айтуға ғана оңай нәрсе ғой. Біріншіден, біз Қазақстанда «жасалған» кәсіпорынбыз және Үкімет бізді қолдап, түрлі бағдарламалар қабылдауда. Дота¬цияларды Қазақстаннан алып, өнімді Ресейге сату деген, менің ойымша, адамгершілікке жатпайды», деді.
***
«Осыдан біраз жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жалға немесе жекеменшікке өткен, бірақ ешқандай қараусыз жатқан жерлерді қайтарып алу турасында тапсырма берген еді. Соған сәйкес соңғы бірнеше жылда ауылшаруашылық мақсатындағы жүздеген мың гектар егістік жерлер мен жеке тұрғын үй салу үшін бөлінген мыңдаған жер телімдері мүлде қараусыз жатқаны не мақсатқа сай пайдаланылмағаны үшін мемлекет меншігіне қайтарып алынды», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөмірінде жарияланған «Қарамасаң , жеріңді қайтарып алады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Соңғы ақпараттарға сүйенсек, енді егістік жерлер топырақ құнарлылығын сақтау үшін минералды тыңайтқыштар жеткілікті қолданылмаса да қайтарып алынатын болыпты. Бұл жайында Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен баспасөз мәжілісінде Республикалық агрохимиялық қызмет ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Ерболат Бәзілжанов мәлім етті. Министрлік ауылшаруашылық тауар өндірушілерінен топырақтың құнарлылығын арттыру мақсатында минералды тыңайтқыштарды жеткіліксіз пайдаланғаны үшін де иелігіндегі жерлерді қайтарып алуды жоспарлап отырған көрінеді.
Осы айдың басында екі Әзербайжан мен Армения арасындағы жағдай тіпті қиындап кетті. Шекарада атыс болып, екі жақтан да біраз шығын болды. Қақтығыс аймағына келген Әзірбайжан президенті: «Фашистік басшылық-әскери хунта Арменияны жақсылыққа емес, жамандыққа жетелеуде. Олар біздің жерімізді басып алды, сондай-ақ Арменияның бүкіл жерін өздеріне қаратты. Армян халқы қылмыстық, жемқорлық топтан құтылуы тиіс. Егер олай болмаған жағдайда, елде жақсылық болмайды» деп қатқыл сөйлеген болатын. Міне осы екі ел арасындағы дау жайында «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Қап тауына қара бұлт үйіріле ме?» мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның жазуынша, Кавказда тағы бір соғыстың тұтанып кетуінен сақтанған Ресей президенті Путин екі ел басшысын Сочиге шақырып, ара ағайын болуға ұмтылған. «Тамыздың 9-10 күндері өткен үш жақты кездесуде Таулы Қарабақ мәселесі шешімін тапты деу қиын. Екі жақ та тығырықтан бейбіт келісім арқылы ғана шығуға болатынын айтқанмен, Әлиевтің де, Саргасянның да ішінде бір қыжылдың тарқамағаны белгілі. Демек, Әзірбайжан президенті айтқандай, келісім ұзаққа созыла берсе, түбі бір қақтығыстың болатыны анық», делінген мақалада.