Қараша айында 6 мыңнан астам қазақстандық қызылша жұқтырды – министр

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында елдегі эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады, деп хабарлайды Kazinform.

ажар ғиният
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Әлемнің 167 елінде қызылша бойынша жағдай күрделеніп келеді. Елімізде осы жылы қызылшаның 17 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Оның 82 пайыздан астамы – балалар арасында. Оның ішінде вакцина алмаған балалар – 83 пайыз. Қызылша сырқаты барлық өңірде тіркелді. Жоғары деңгей Шымкент қаласында байқалады – 3 мыңнан астам жағдай. Алматы қаласы мен Жамбыл облысында – 2 мыңнан астам жағдай, Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облыстарында 1 мыңнан астам жағдай тіркелді», – деді ведомство басшысы.

Министрдің сөзінше, сырқаттану жағдайларының күрт артуы қыркүйек айынан басталған.

«Яғни оқу жылында ұйымдасқан ұжымдарда балалардың жиналуына байланысты байқалады. Салдарынан сырқаттану деңгейі екі есе көбейді. Қараша айында 6 мыңнан астам жағдай тіркелді», – деді Ажар Ғиният.

Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қызылшаға қарсы вакцина алудан басқа жол жоқ екенін атап өтті. 

Желтоқсан айында Қазақстанда 2-5 жастағы балаларды қызылшаға қарсы егу басталады.

Соңғы жаңалықтар