Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қарашадан бастап жұмыстан босатуға мораторий енгізілетіні рас па

АСТАНА. KAZINFORM — Мессенджерлерде жұмыстан босатуға және кадрлық ауыс-түйістерге қатысты «мораторий» енгізілетіні туралы жалған ақпарат таралып жатыр.

увольнение
Фото: freepik

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы мессенджерлердегі чаттарда 2026 жылғы қараша айынан 2027 жылғы ақпан айына дейін Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының, сондай-ақ Қарулы Күштерінің қызметкерлерін жұмыстан босатуға және кадрлық ауыс-түйістерге толық тыйым салынады деген мазмұндағы мәтіннің таралуын анықтады.

Ақпараттың шынайылығына көз жеткізу үшін оның авторлары Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 3 маусымдағы № 295-VIII «Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сілтеме жасаған.

Қарашадан бастап жұмыстан босатуға мораторий енгізілетіні рас па
Фото: Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы

— Аталған заңның бар екені рас болғанымен, онда мұндай ережелер көзделмеген. Заңда көрсетілген кезеңге жұмыстан босатуға, ауыстыруға, тағайындауға немесе өзге де кадрлық ауыс-түйістерге мораторий енгізу туралы нормалар жоқ. Ақпараттың шынайы еместігінің тағы бір белгісі — таратылып жатқан мәтінде құжаттың міндетті деректемелерінің көрсетілмеуі. Атап айтқанда, өкім шығарған мемлекеттік орган, құжаттың күні мен нөмірі, мораторий енгізуге негіз болатын заңнаманың нақты нормасы, сондай-ақ тапсырма кімнің атынан берілгені көрсетілмеген. Осылайша, бұл жағдайда нақты нормативтік құқықтық акт оның құрамында жоқ ақпараттың шынайылығына көз жеткізу құралы ретінде пайдаланылған, — делінген хабарламада.

Ведомство осындай хабарламаларды дереккөзі мен құжаттың деректемелерін ресми мемлекеттік ақпараттық ресурстар арқылы тексермей таратпауға шақырды.

Бұған дейін жалған ақпаратқа қарсы орталық жарты жылда 68 фейкті жоққа шығарғанын жазғанбыз.