Қарашығанақтан газ өңдеу жобасының тағдыры қазан мен қарашада шешіледі – Энергетика министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM – Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салу жобасының инвестициялық келешегіне қатысты 2025 жылдың қазан-қарашасында түпкілікті шешім қабылданады. Энергетика министрлігі Reuters-тің ресми сауалына осылай деп жауап берген.

Министрліктің баспасөз қызметі бұл мәліметті растап отыр. Нақтырақ айтсақ, жобаның төңірегіндегі келіссөз 2022 жылдың желтоқсан айынан бастап жүргізілген.
- Түпкілікті инвестициялық шешім қабылдау 2025 жылдың қазан-қарашасына жоспарланған. Осылайша қазіргі таңда акционерлер жобаны бірлесіп жүзеге асырудан бас тартатыны туралы ұстаным білдірген жоқ.
Теріс инвестициялық шешім болған жағдайда Қазақстан тарапы жобаны «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы арқылы немесе балама үшінші тарапты тарту арқылы іске асыру жолын қарастырады, - деп жазылған ресми жауапта.
Бұған дейін Қарашығанақ акционерлері газ өңдеу зауытын салуға Қазақстаннан қосымша $1 млрд талап еткенін жазған едік.
Айта кету керек, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» консорциумына Shell (29.25%), Eni (29.25%), Chevron (18%), ЛУКОЙЛ (13.5%), ҚазМұнайГаз (10%) иелік етеді.