Қарашаның 18-інде Қазақстан судьяларының съезі өтеді
АСТАНА. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қарашаның 18-інде елімізде Қазақстан судьяларының съезі өтеді.
Бұл туралы бүгін «Қазіргі замандағы прокурорлық қадағалаулардың өзекті мәселелері» атты тақырыпта қала және аудан прокурорларының біліктіліктерін арттыруға арналған семинар барысында Жоғарғы соттың Сот әкімшілігі комитетінің төрағасы Ирак Елекеев мәліметті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Семинар барысында еліміздің сот жүйесінің қаржы, жалақы мәселесіне қатысты проблемаларын сөз еткен И.Елекеев «Бізде қазір сот саласына қатысты қордаланып қалған мәселелер жетерлік. Ал сот қызметі дегеніміз барлық мемлекеттік органдардың жұмысын, азаматтардың өмірін қамтитын күрделі сала. Сондықтан бұл съезде үлкен мәселелер қаралады және оған мемлекеттік органдардан бастап үкіметтік емес ұйымдарға дейін барлығы қатысулары қажет. Әйтпесе мұндай жиындарда көтерілетін мәселелер әдетте сот қызметкерлерінің ішінде ғана талқыланады да әңгіме сонымен тәмам болады. Ал жиын болған соң онда проблема шешілуі қажет. Әйтпесе бостан босқа 100 миллион теңгені шығындап қажеті не», деді ол.
И.Елекеевтің айтуынша, қарашаға жоспарланып отырған жиынға шамамен 100 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалмақшы.