«Қарашығанақ-Орал» газ құбыры құрылысының жартысынан астамы салынды
ОРАЛ. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Жобалық құны 204 млн. АҚШ долларына бағаланған, ұзындығы 150 шақырымды қамтитын «Қарашығанақ-Орал» газ құбыры құрылысының жартысынан астамы салынды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрылыстың мердігері - алматылық «Қазқұрылыссервис» компаниясы. Таяуда «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы мердігер кәсіпорынмен бірлесіп, аталмыш құрылыстағы өндірістік жарақатсыз 1 млн. адам-сағат күнін атап өтті. «ҚПО б.в.» компаниясының өндіріс жөніндегі директоры Антонио Балдассарренің айтуынша, мұнда техникалық қауіпсіздік шараларына ерекше мән беріледі. БҚО әкімдігімен бұдан екі жыл бұрын жасалған келісімге сәйкес аталмыш газ құбыры биылғы желтоқсанда пайдалануға берілуі тиіс. Қазірдің өзінде 50 пайыздан астам жұмыс көлемі атқарылып, газ таратушы стансылардың құрылысы да аяқталып келеді.
Газ құбыры құрылысына бес жүзден астам адам тартылған. Құрылыс бригадаларының барлығы да «ҚПО б.в.» компаниясының еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік стандарттары бойынша дайындықтан өткен.
Тартылып жатқан құбырдың сапасы да жақсы. Бұл құбырлар ? осы салада әлем бойынша жетекші орынды иеленетін германиялық «Маннесманн» зауытының өнімі.