«Қарашығанақ Петролеум» консорциумына қатысты арбитраждық тексеру аяқталғаннан кейін жаңа процессуалдық шешім қабылданады
Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәлет Сүйіндіков БАҚ өкілдерімен болған баспасөз мәслихаты барысында мәлім етті.
Аталған компанияның басшылығына қатысты 187 млрд. теңгені ұрлау фактісі бойынша қылмыстық істі өткен айдың соңында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) қозғаған болатын. Алайда мамырдың 20-сында қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай прокуратураның істе қылмыс құрамының жоқтығына байланысты тоқтатқандығын мәлім еткен еді.
«Іске қатысты материалдарды зерделеу барысында 180 млрд. теңдеген астам экономикалық шығын келтіру бойынша тараптар, яғни ҚР өкілетті органдары мен «Қаршығынақ Петролеум» компаниясы арбитраждық сотқа жүгініп отырғандығы белгілі болды», деді ол. Сонымен қатар оның атап өтуінше, аталған сомаға қатысты екі тарапқа да қатысты сот органдарының азаматтық тәртіппен қорытынды шешімі шықпаған.
Осыған орай прокуратура тарапынан қаржы полициясы қабылдаған қылмыстық іс қозғау туралы қаулының тоқтатылғандығын айтқан Н.Сүйіндіков: «сонымен бірге қаржы полициясына қосымша тексеру жүргізу тапсырылып, қазіргі уақытта ол жүргізілуде. Арбитраждық шешім қабылданып әрі Қазақстан мүддесіне келтірілген нақты шығындар белгіленгеннен кейін жаңа процессуалдық шешім қабылданады», деді.
ҚР Бас прокуратурасы ресми өкілінің айтуынша, арбитраждық сот тексерулері республикадан тыс жерде өтпек.