Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қаратау қорығында қандай сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар бар

АСТАНА. KAZINFORM – Түркістан облысында орналасқан Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы еліміздің эндемик өсімдіктері мен сирек кездесетін жануарларын сақтауда маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігі.

ав
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Министрліктің мәліметінше, Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы 2004 жылғы 1 наурызда Үкімет қаулысымен құрылған. Қорықтың негізгі мақсаты – Қаратау жотасының бірегей табиғи кешендерін, эндемик және сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларды қорғау, ғылыми зерттеулер жүргізу және табиғи процестерге тұрақты мониторинг жасау.

Қазіргі таңда қорықтың жалпы аумағы 34 300 гектарды құрайды. Оның құрамына тау жоталары, терең шатқалдар, жартасты беткейлер, шөлейт және дала ландшафттары, сондай-ақ сирек кездесетін флора мен фаунаның табиғи мекендеу ортасы кіреді.

– Қаратау жотасы дүниежүзілік маңызы бар эндемизм орталықтарының бірі саналады. Мұнда тек осы өңірде ғана кездесетін өсімдіктердің көптеген түрі өседі. Сонымен қатар Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек өсімдіктердің едәуір бөлігі осы аумақта таралған, – деп мәлімдеді министрлік.

Қорықта Қаратау арқары, үнді жайрасы, қасқыр, түлкі, тас сусары сияқты жануарлар мекендейді. Сондай-ақ бүркіт, сақалтай және ителгі секілді сирек жыртқыш құстар ұялайды.

Министрліктің хабарлауынша, қорықта биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы ғылыми-зерттеу және мониторинг жұмыстарына ерекше назар аударылады. Мамандар сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлардың популяциясын тұрақты бақылап, табиғи кешендердің жай-күйін бағалайды және оларды қорғауға бағытталған ғылыми бағдарламаларды жүзеге асырады.

– Экологиялық ағарту жұмыстары да қорық қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Мамандар мектептерде ашық сабақтар, семинарлар, табиғат қорғау акциялары мен танымдық кездесулер өткізіп, жас ұрпақтың табиғатқа жанашыр көзқарасын қалыптастыруға үлес қосып келеді, – деп атап өтті ведомство.

Айта кетейік, Алакөл қорығында құстардың 330 түрі мекендейді.