Қаратөбе ауданында жаңа мектеп ашылды
ОРАЛ. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Қаратөбе ауданы орталығында жаңа мектеп-гимназия ғимараты пайдалануға берілді.
Оның ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен Елбасы тапсырмасына сәйкес жаңа білім ғимаратының ашылып отырғанын айтып, мектеп-гимназияға «ГАЗель» автокөлігін тарту етті. «Альтаир» ЖШС салған 100 орындық интернатымен 300 орындық мектеп-гимназия құрылысына 800 миллиондай теңге жұмсалған. 300 адам жұмысқа тартылса, 100-і - жергілікті тұрғындар. Негізінен бір жылға жоспарланған жұмыс сегіз айда аяқталған.
Заманауи үлгіде салынған жаңа білім ордасына 250 бала қабылданса, оның 20-сы шағын орталыққа, 20-сы мектепалды даярлыққа бармақ. Мұндағы бүлдіршіндер болашақта ыстық тамақпен қамтылатын болады. Бұған жаңа асханада толық мүмкіндік бар. Сондай-ақ барлық пән кабинеттері, интернат жаңа құрал-жабдықтармен жасақталған.