Қарайған қар: «АрселорМиттал Теміртау» тексеріліп жатыр

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық комбинатында зиянды қалдықтарды азайтуға бағытталған тәртіпті сақтауға байланысты тексеру жұмыстары басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қарайған қар: «АрселорМиттал Теміртау» тексеріліп жатыр

Тексеруге негіз болып отырған себеп - өткен айда қар бетінің қарайып кетуі.

Алғашқы тексерулерде жергілікті экологтар Теміртаудың бес ауданы бойынша ауа құрамын тексеріп, атмосферада көміртегі мен күкірт сутегінің көбейіп кеткенін анықтаған болатын.

Ал «Қарағанды облыстық экологиялық музейі» қоғамдық бірлестігінің директоры Дмитрий Калмыков қардың қарайып кетуін қаладағы алып өнеркәсіп орнымен байланыстырады.

«Кәсіпорын экологияны жақсарту бойынша іс-шараларды қаншалықты атқарып жатса да газ тазалау құрылғысының сапасыз жұмысы байқалады. Зиянды қалдықтардың сыртқа шығарылуына ешқандай қоғамдық бақылау жасалып отырған жоқ»,-деді Д.Қалмыков.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басин өз кезегінде барлық тазалау процестерін көрсетуге дайын екендігін айтып, қоршаған ортаны қорғау жұмыстары бойынша есеп беруге де әзір екендігін жеткізді.

«Бұрын мұндайды көрген емеспін. Қардың қарайып кету себебін өзіміз де білгіміз келеді»,-деді В.Басин.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Теміртау қаласы әкімінен қалаға жауған қардың беті әп-сәтте қарайып кетуіне байланысты экология департаментіне хат жолданды. Сондай-ақ бұл мәселені анықтау үшін арнайы жұмыс тобы да құрылды.

Қарағанды облысының бас метеорологы Валерий Стратиенко қардың қарайып кетуіне қатысы бар үш себепті айтты. Саны жыл сайын көбейіп келе жатқан автомобильдерден шығатын қалдықтар, Теміртаудағы жер үйлердің пешінен шығатын түтін және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ.

Осы себептерді нақты қайсысы екенін білу үшін экологтар қазыр барлық ауданнан сынамалар алып жатыр.