Кардиология орталығы соңғы үш жылда көптеген жетістіктерге жетті - БҚО
Бұл туралы осында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қамидолла Ирменов мәлім етті.
Қ.Ирменов осы жиынға арнайы шақырылған әріптестері - Самара облыстық кардиология диспансерінің (СОККД) бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сергей Хохлунов пен осы орталықтың кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, РФ еңбек сіңірген дәрігері Виктор Белыйға көрсеткен көмектері үшін рақмет айтып, облыстық әкімдік және денсаулық сақтау басқармасы атынан алғысхат табыстап, қос маманның иығына шапан жауып, қошемет көрсетті.
2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасындағы алғы шарттардың бірі жүрек-қан айналымы дертімен сырқаттанушылар өлімін төмендету болып табылады. Сырқаттардың өмірін сақтап қалуда облыстағы кардиология орталығында тыңғылықты жұмыстар жүруде. Үш жылдағы бірлескен еңбектің нәтижесінде талай жанның өмірі сақталып, жүрек дертіне ұшырағандардың денсаулығы нығайды.
Ағымдағы жылдың 21-28 қараша аралығында облыстық кардиология орталығында СОККД дәрігерлерінің қатысуымен жүрек қақпақшалары дертіне ұшыраған 10 адамға жоғары мамандандырылған кардиологиялық көмек көрсетіліп, ота жасалды. Білікті қос маманның жетекшілігімен жүрекке ота жасау жүргізілді.
Өз кезегінде Сергей Хохлунов конференцияға қатысушы дәрігерлерге шеберлік класын өткізіп, жүрек-қан ауруына ауруына ұшыраған сырқаттарға дер кезінде қандай көмек көрсету, дертті анықтаудың тәсілдері, жедел көмектің нәтижесі туралы толыққанды әңгімелеп берді. Самаралық мамандар БҚО кардиология орталығының заманауи талапқа сай екенін, жергілікті мамандардың қабілетін жоғары бағалап, алда да өз көмектерін аямайтынын айтты.