Кәрім Көкірекбаев «Меркі-Шу-Бурылбайтал» трассасындағы жөндеу жұмыстарын сынға алды

Облыс басшысы жұмыс сапарын республикалық маңызы бар «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автомобиль жолын жөндеу жұмыстарының барысымен танысудан бастады. Мұның өзіндік себебі де бар. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының басында салынған асфальт жолдың әбден тозығы жеткен. Осыны ескерген республикалық «Казавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ «Жол картасы» аясында 2017-2019 жылдары оны күрделі жөндеуден өткізуді көздеп отыр. Үстіміздегі жылы «Меркі-Шу-Бурылбайтал» трассасында 40 мың шаршы метр аумақта шұңқырларды жөндеу жоспарланған.
Бұл жұмыспен «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ облыстық филиалы айналысуда. Қазірге дейін олар 36 мың шаршы метр жерді жөндеуден өткізген. Облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев жөндеу жұмысына көңілі толмады. Ол «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Айжан Туғановаға: «Мұндай көзбояушылық кімге керек? Сендер мемлекеттің қыруар қаржысын желге ұшырып жатырсыңдар. Ойлы-шұңқыр жерлерді неге терең тазаламайсыңдар? Оған асфальт төсер алдында неге битум құйылмайды? Мына төсеген асфальттарың бір аптадан кейін шашылып қалмай ма? - деді.
Айжан Туғанова облыс басшысына жолдың салынғанына 50 жылға жуық уақыт болғанын, оның мүлдем ескіргенін айтып ақталуға тырысты. Кәрім Нәсбекұлы оған айтылған кемшіліктерден қорытынды шығарып, ойылған, бүлінген жерлерге асфальтты зауыттардан ыстық күйінде әкеліп төсеуді, оларды ауыр салмақты катоктар әкеліп таптауды тапсырды.
Халықаралық тауар айналымы белсенділігін арттыруға септігін тигізетін және интеграциялық экономикалық үдерістер ауқымын кеңейту есебінен серпінді экономикалық өсімге қол жеткізуге мүмкіндік беретін еліміздегі алты экономикалық аймақтың бірі - «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» АҚ. 505 гектар алқапты қамтыған арнайы экономикалық аймақта алғаш 16 кәсіпорын салу жоспарланған. Алайда, жоба құнының қымбаттауы мен әлемдік дағдарысқа байланысты 2020 жылға дейін 5 зауыт салумен шектеліп отыр. Қалған зауыттар келесі бесжылдықта іске қосылмақ.
Облыс әкімінің арнайы тапсырмасы бойынша «Тараз химиялық паркінде» күш-жігер ішкі инфрақұрылым мен кәсіпорындардың құрылысын белгіленген кестеге сай сапалы жүргізуге жұмылдырылатын болады. 2018 жылдың көктемінен бастап, мұнда «Химплюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің глифосат шығаратын кәсіпорны толық іске қосылмақ.
Кәрім Нәсбекұлы Шу ауданының әкімі Қайрат Досаевқа іске қосылуға тиіс алып мегажобаны белгіленген мерзімде жүзеге асыруға қолайлы жағдай туғызатын химиялық парктің ішкі инфрақұрылым жүйесінің құрылысын тездетіп жүргізуді тапсырды.
- Қазір мұндағы бір ғана кәсіпорынның құны 56 миллиард теңгені құрап отыр. Ол алдағы көктемде өз жұмысын бастап, алғашқы глифосатты шығарса, 2019 жылы каустикалық сода шығара бастайды. Ал кәсіпорын іске қосылғанда мұнда кем дегенде 300-400 адамға жұмыс беріледі, - деді өңір басшысы.
Бұдан кейін облыс әкімі бастаған топ Қонаев ауылдық округіндегі «Алижан» шаруа қожалығының егістік алқабына ат басын бұрды. 1999 жылы құрылған аталмыш қожалықтың бүгінде 100 гектарға жуық суармалы жері бар. Шаруашылық жетекшісінің айтуынша күздік бидай - 20, жоңышқа - 15, жүгері - 20, франциялық «Авантаж» сұрыпты қант қызылшасы - 12 және 30 гектарға жуық жерге дәнді дақылдар егіпті. Облыс басшысы шаруашылықтың өткен жылы қант қызылшасын егіп, ағын сумен суарғанның өзінде одан 500 центнерден өнім алғанын естіп, ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков қонақтарды егістік алқабында ауыл шаруашылығы құрылымдарының көрсеткіш-сызбаларымен таныстырды. Жалпы, Шу ауданы бойынша ағымдағы жылы 140726 гектар жерге егін егілген. Жер пайдалану пайызы бойынша бұл өткен жылғымен салыстырғанда 5 пайызға артық. Су үнемдеудің заманауи әдіс-тәсілдерін кәдеге жаратуда да шулық дихандар ширақтық танытқан. Мәселен, бұл технология 880 гектар жерге қолданылса, биыл 1185 гектарды қамтып отыр. Тамшылатып суару әдісін 11 шаруа қожалық қолға алған. Сол секілді қант қызылшасы мен жоңышқа егетін 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңбырлатып суару технологиясын іске асыруда. Үстіміздегі жылы қант қызылшасынан сапалы өнім алуды көздеген шулық шаруалар бірыңғай франциялық «Авантаж» сұрыпты тұқымын еккен.
Айта кету керек, биылдан бастап аудан шаруалары соя егуді мықтап қолға алған. Одан бөлек, азық-түлік өнімдеріне қосатын нут дақылын егуді де жолға қойыпты. Шаруалардың техникамен қамтамасыз ету көрсеткіші де өткен жылға қарағанда едәуір жоғары. Былтыр шаруалар 123 миллион теңгеге 25 техника сатып алса, ағымдағы жылдың алғашқы бес айының өзінде 85 миллион теңгеге 18 техника алған.
Өңір басшысының ауданға жұмыс сапарының негізгі бөлігі Шу қаласындағы «Қамқор Локомотив» ЖШС филиалы - Шу локомотив жөндеу зауытында жалғасын тапты. Алғаш 1998 жылы құрылған зауытта қазіргі кезде 286 адам тұрақты жұмыс істейді. Ондағы жұмысшылардың орташа жалақысы 78 мың теңгені құрайды екен. Тоғыз жолдың торабында орналасқан зауыт кезінде локомотивтерді техникалық жөндеуден өткізу, күрделі жөндеу, маневрлы локомотивтің қосалқы бөлшектерін дайындау және қалпына келтірумен айналысқан. Ал бүгінде заман талабына сай қолданысқа енгізілген жаңа электровоздар жөндеу жұмыстарын қажет етпейді. Сол себепті, зауытқа сұраныс күрт төмендеп, өндіріс ошағы тұралап қалған.
Кәрім Нәсбекұлы өзінің орынбасары Тимур Жанке мен облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбековаға маневрлы локомотивтің қосалқы бөлшектерін дайындау және қалпына келтіру бойынша жұмысты қайта жандандыру жұмыстарын жан-жақты зерделеуді тапсырды.
Шу ауданындағы бірқатар нысандарды аралаған облыс әкімі жұмыс сапары соңында аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өзінің орынбасарлары мен басқарма басшылары және тұрғындардың қатысуымен актив жиналысын өткізді.
Облыс әкімі бірқатар өндіріс ошақтары ауданда жүйелі жұмыс істегенімен, салықты өзге өңірлерге төлеп отырғандығын сөз етіп, жауапты мамандарға осы мәселенің түйінін тарқатуды тапсырды. Сол арқылы аудан байлығын еселей түсуді жолға қою керектігін де баса айтты.