13:10, 25 Қаңтар 2009 | GMT +5
Кәрім Мәсімов екінші шекара дивизиясының теңіз флотымен танысты
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат. /Жетібай Шаханұлы/ - Бүгін түстен кейін Түпқараған ауданына барған ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов теңіз шекара дивизиясының кемелерімен және катерлерімен танысты. Соның ішінде 22/01 әскери бөлімінің 2-ші рангты «Сақшы» шекаралық кемесін аралап көрді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл кеме ҚР ҰҚК-нің Каспий теңізінде мемлекеттік шекараны қорғау үшін арнайы тапсырысымен былтыр Орал қаласындағы «Зенит» зауытында жасалған. Ұзындығы 42 метр, суға батар түбі 2 м 10 см, үнемді жүріспен жүзу шалғайлығы 1200 миль, су сыйымдылығы 210 тоннаға дейін болатын кеме соңғы үлгідегі навигациямен жарақталған. Мұз қабатын жарып өтуге арналған құрыш қанқасы мен тұмсығы қыс маусымында теңіздің кез-келген бөлігіне жедел жетуге мүмкіндік береді. Кеме экипажы 22 адам. Кеме капитаны ? 3-ші рангтағы капитан Е.Оспанов. Елімізде жоғарғы класты екінші су көлігі боп табылатын «Сақшы» кемесі әскери пайдалануға өткен жылдың қыркүйек айында берілген болатын. «Сақшының», сондай-ақ, шағын шолғыншы катері, судан браконьерлердің заңсыз жарақтары мен теңіз өнімдерін көтеріп алатын гидравликалық тиегіш балкасы бар. Көпфункциялы кеме ізге түсу, ұстау, тінту жүргізу, күзетіп алып жүру және артериялық қарудан оқ ату қызметтерін де атқарады. Үкімет басшысы мұнан соң аудандағы «Қаражанбас» шекара заставасының жұмысымен танысты. Застава 2005 жылы құрылған. Ұзындығы 250 шақырымға созылып жатқан мемлекеттік шекараны күзетеді. Радиолокациялық бақылау қызметімен қатар, жағалау жолағы дүркін-дүркін тексеріліп, барлау-іздестіру әрекеттері атқарылады.