Кәрім Мәсімов Қаржы министрлігіне кедендік және салықтық әкімшілеуді жетілдіру туралы жоспар әзірлеуді жүктеді
АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қаржы министрлігіне кедендік және салықтық әкімшілеуді жетілдіру туралы жоспар әзірлеуді жүктеді.
Бұл тапсырманы ҚР Премьер-Министрі бүгін Қаржы министрлігінің алқа мәжілісі барысында берді.
Әлі күнге дейін Мемлекет басшысының атына кәсіпкерлер тарапынан көптеген сауалдар түсіп, бірқатар мәселелердің көтеріліп отырғандығын баса айтқан К.Мәсімов: «Біз айтқанымызбен әкімшілеу бойынша мәселелер әлі де өте көп. Сондықтан 1 айдың ішінде Кедендік және салықтық әкімшілеуді жетілдіру туралы жоспар әзірлеуге уағдаласайық», - деді.
Премьер-Министр аталған жоспар дайындалғаннан кейін Үкіметте қаралатынын жеткізді. «Содан кейін орын алып отырған мәселелерді талқылау үшін Атамекенмен («Атамекен» одағы) наурыздың басында бас қосамыз. Одан соң барлығымыз бірге Мемлекет басшысына баяндаймыз», - деді К.Мәсімов.