Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Кәрім Мәсімов Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымының қауіпсіздік жүйесін тексерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Шымкент халықаралық әуежайының, темір жол вокзалының және автовокзалының қауіпсіздік жүйесімен танысты, деп хабарлады pm.kz.

 Кәрім Мәсімов Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымының қауіпсіздік жүйесін тексерді

Премьер-Министрдің жұмыс сапары барысында маңызды істердің бірі - әуежай, вокзал қауіпсіздік жүйесін тексеру. Көпшілік жиналған жерде көлік инфрақұрылымы нысандарына баса назар аударуға осы жылдың 5 маусымында Ақтөбеде, 18 шілдеде Алматыда орын алған қайғылы оқиға, сондай-ақ түрлі елдердегі терактілер себеп болып отыр. Ал 20 тамыз күні Түркияда лаңкестік әрекеттен 51 адам қаза тауып, 69 адам зардап шекті.

«Қазақстан терроризмнің кез келген түрін қатаң айыптайды, жазықсыз қан төгуді ақтауға болмайды деп санайды. Терроризмнің тамырына балта шабу - әлемдік қоғамдастық үшін ең басты мәселе. XXI ғасырдың індетіне қарсы күресте біз бауырлас түрік халқымен біргеміз», - деп атап өтті Мемлекет басшысы Газиантеп қаласында орын алған терактіге байланысты Түркия Президенті Реджеп Тайsп Ердоғанға жолдаған көңіл айту жеделхатында.

Кәрім Мәсімовке «Шымкент әуежайы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы М.Шыныбаевтың айтуынша, Ақтөбедегі оқиғадан кейін Шымкент әуежайы күшейтілген қауіпсіздік шараларына көшті. Күнделікті жолаушылар ағыны 1 мыңнан астам адамды құрайды, олардың бәрі аэровокзал ғимаратының кіре берісіндегі қосымша тексеріс орнынан өтеді. Премьер-Министр тексеріс орнының жүйесін тексеріп, әуежайдың антитеррористік қауіпсіздік деңгейін бағалады, сондай-ақ жекелеген ұшу-қону жолағын қайта жөндеу жұмысымен танысты.

Сонымен қатар, «Вокзал Қызмет» АҚ Оңтүстік Қазақстан облысы филиалының директоры Е.Шынтеков және «Самал» халықаралық автовокзалының директоры А.Шалабаев Кәрім Мәсімовке теміржол мен автовокзалдарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысы туралы мәлімдеді.

Шымкент әуежайы 1968 жылы ашылған. Бүгінде жекелеген ұшу-қону жолағына, сондай-ақ аэровокзал ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Шымкент» теміржол вокзалының жалпы аумағы - 2,2 мың шаршы метр, мұнда күнделікті 28 пойыз жүреді. Орташа жолаушылар ағыны күніне - 3,5 мың адам, өткізу қабілеттілігі күніне - 5 мың адамға дейін.

«Самал» халықаралық автовокзалы арқылы күніне жалпы жолаушылар саны 2000 адамды құрайтын 235 автобус жүреді. Барлығы 28 маршруттың 2-уі - халықаралық, 7-уі - облыс аралық, 19-ы - шағын аудан аралық.