Кәрім Мәсімов Жезқазғанда сүт өнімдерін өңдеудің жаңа технологияларымен танысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов металлургтерді арнайы өнімдермен қамтамасыз ететін кәсіпорынды аралады.
Мамандандырылған азық-түлік өндіретін «BAYAN компаниясы» ЖШС жаңа кешені Индустрияландыру картасы аясында өткен жылдан бастап жұмыс жасай бастады. Қазіргі таңда цех айрықша технология бойынша әзірленетін 48 тонна сүзбе өнімін шығарады. Сондай-ақ, компания дәрумен қосылған сүт және шырын өндірісін ретке келтірді.
Премьер-Министрге ЖШС бас директоры А. Ысқақова айтып өткендей, өнімдердің негізгі бөлігі жергілікті түсті металлургия кәсіпорындарына өткізіледі, қалған көлемі Жезқазған, Сәтпаев қалаларына және Ұлытау ауданының басқа да елді мекендеріндегі дүкен сөрелеріне жіберіледі. Кәрім Мәсімовке азық-түлік өндірісі бойынша технологиялық желілер жұмысы таныстырылып, кәсіпорында шығарылатын өнімнің түр-түрі көрсетілді, деп жазады Pm.kz.
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ғ. Жұмасұлтановтың мәліметінше, өткен жылы өңірдің ауыл шаруашылығы кәсіпорындары 162,9 млрд теңгеге өнім шығарды. Облыста 127,1 мың тонн ет, 403,6 мың тонна сүт, 624,5 млн дана жұмыртқа және екі мың тоннадан астам жүн шығарылды.
Аймақтық Индустрияландыру картасына жалпы құны 25 млрд теңге болатын агроөнеркәсіп кешенінің 10 инвестициялық жобасы кіреді. Жаңа жобаларды іске қосу 925 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, АӨК саласында, әсіресе азық-түлік сегментінде өңдеу өнеркәсібін дамытуға Үкімет баса назар аударады. Жергілікті тауар өндірушілердің шикізатынан сапалы азық-түлік өнімдерін өндіру бірден бірнеше маңызды міндеттерді орындайды: бағаны тұрақтандырады, импорт көлемін азайтады, жергілікті халықты жұмыспен қамтиды және ауыл тұрғындарына өткізу нарығын береді, бұл жеке қосалқы шаруашылықтар үшін аса маңызды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, келесі үш жылда Қазақстанда ауыл шаруашылығы кооперативтері базасында 400 сүт қабылдау бекеті ашылады, бұл бір литр сүттің бағасын 20%-ға және одан артық төмендетуге мүмкіндік береді.