Қарин: Қаза тапқандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның вице-президенті Ерлан Қарин Үкіметтік комиссия қайғылы оқиғаның себептерін тергеп жатқанын айтты.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өкімімен елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Қаралы күнге байланысты барлық Мемлекеттік Тулар төмен түсірілді. Ойын-сауық шараларына тыйым салынды. Телеарналар мен радиолардың бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Ақпараттық сайттар мен мерзімді басылымдар ақ-қара түсті режимге көшірілді. Белгіленген тәртіпке сәйкес, мемлекеттік деңгейдегі ресми отырыстар мен іс-шаралар қаза тапқандарды үнсіздікпен еске алудан басталып жатыр, — деп жазды Вице-президент.
Ол Құқық қорғау органдары тарапынан тиісті тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
— Қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына тағы да қайғысына ортақтасып көңіл айтамын. Жауынгерлер Отан алдындағы әскери борышын адал атқарды.
Арнайы Үкіметтік комиссия құрылып, жұмысын бастағаны белгілі. Құқық қорғау органдары тарапынан тиісті тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысы қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетуді тапсырды. Одан бөлек еліміздің белгілі кәсіпкерлері марқұмдардың отбасыларын материалдық тұрғыдан қолдайтындарын мәлімдеп жатыр.
Халқымыз осынау қиын сәтте тағы да өзінің береке-бірлігін көрсетіп, ауыр қайғыны бөлісуде. Жұрттың ынтымағы, мемлекеттің беріктігі осындай қысылтаяң шақта білінеді. Сол себепті баршамыз сабыр сақтап, бір-бірімізге қамқорлық танытып, елдігімізді білдіріп, ауыр сынақтан бірлесіп шығайық. Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін, тұғырынан түспесін, — деп жазды Ерлан Қарин.
Айта кетелік Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға байланысты Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес лауазымды тұлға ұсталған еді.