Қарин: Құрылтай сайлауы 2026 жылғы 23 тамызда өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды. 

Ерлан Қарин
Фото: Ақорда

— Қазір ғана Мемлекет басшысының тиісті Жарлығы жарияланды. Жұртшылық саяси оқиғалар туралы алдын ала хабардар етілді. Осыдан бұрынғы сайлау мен референдумда да солай болған еді. Биыл сәуір айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы тамызда өтетінін жария түрде ашық мәлімдеді. Осылайша, саяси партияларда сайлау науқанына дайындалу үшін уақыт жеткілікті болды. Бұл – жаңа Конституция күшіне енген соң өткізілетін алғашқы жалпыхалықтық сайлау, — деп хабарлады Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, алдағы науқан бүкіл саяси үлгіні институционалдық тұрғыдан қайта қалыптастыруға жол ашады. Жаңа Ата заңға сәйкес, сайлаудан соң мемлекеттік биліктің негізгі институттарын жасақтау жұмысы басталады.

Бұған дейін Ерлан Қарин Қазақстанда құқықтық жүйені жаңғырту кезеңі басталғанын мәлімдеді.