Қарызды бюджеттің тесігін жабуға пайдаланып отырмыз — депутат
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин отандық тауар өндірушілердің мәселелерін көтеріп, мемлекеттік бюджетке түсетін қаржының үш көзін атады.

— Электр энергетикасы тауарларын өзімізде өндірсек, доллардың курсына аса тәуелді болмаймыз, себебі тауарды өзімізде шығарамыз. Бұл теңгенің аз да болса күшеюіне ықпал етеді. Экономистердің айтуынша, мемлекетке кіретін үш қаржы көзі бар. Бірінші — экспорт, бізде экспорттың 90% шикізат, оның ішінде 58% мұнай. Екіншіден, қаражат қаржы институттарынан келеді, оның көзі азайып қалды, біз қазір қарызды бюджеттің тесігін жабуға пайдаланып отырмыз. Үшінші қаржы көзі Қазақстанда шығарылатын тауарлар, ал бізде оның үлесі жоқтың қасы, — деді Еділ Жаңбыршин елордада өткен электр энергетика саласындағы отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларына арналған іс-шарада.
Халық қалаулысының айтуынша, отандық тауарлардың өндірісін, оны қолданудың үлесін арттырса, соғұрлым ішкі қаржы айналымы арта түседі.
— Мен Иранда екі рет болдым, алғаш 1997 жылы бардым, сосын 2001 жылы болдым. Шегеден бастап, машинаға дейін өздері шығарады. Бүкіл тауарды ішкі нарықта айналдырып отыр. Біз сол жағдайға жетуіміз керек, — деді депутат.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты еліміз биыл 10 айда сырттан 48,4 млрд долларға электр энергетика тауарын сатып алғанын айтқан еді.
Айта кетейік, бүгін елордада Энергетика министрлігінің қолдауымен Қазақстан электр машина жасаушылар қауымдастығының ұйытқы болуымен «Электр энергетика саласындағы отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау шаралары» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел өтіп жатыр. Іс-шараға Энергетика вице-министрі, Мәжіліс депутаттары, сала мамандары мен отандық электр энергетикасы тауар өндірушілер қатысып жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, еліміздегі электр стансалары мен электр желілерінің 70 пайызын жаңғырту қажет, яғни тозған.
Сондай-ақ, іс-шара барысында электр энергетикасы саласында отандық тауар өндірушілердің үлесінің аздығы айтылды.