Қарқаралы ұлттық табиғи паркінің аумағындағы өрт оқшауланды

АСТАНА. KAZINFORM — Тілсіз жау сағат 17:05–те оқшауланды, деп хабарлайды Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі.

Қарқаралыдағы өрт
Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.

Өртті сөндіруге ЭТРМ 33 адамы, 7 техникасы, оның ішінде 1 тікұшақ «Қазавиорманқорғау» және 3 авиадесантты өрт сөндіру станциясы, ТЖД 31 адамы, 7 техникасы, ЖАО 25 адамы, 5 техникасы  жұмылдырылды. Сондай-ақ қосымша күштер мен құралдар жіберілді. Атап айтқанда Қарағанды облысы ТЖД 74 адамы, 11 техникасы, Семей, Өскемен және Қарағанды қалаларынан «Қазавиақұтқару» АҚ борты ұшып шықты. Өрт сөндіруге атсалысқан екі әуе кемесі 6 рет су шашты.

— Қарқаралы қаласындағы Қарқаралы МҰТП өрт сөндіру бекетінде ұйымдастырылған штабта үйлестіру жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Қарқаралы МҰТП директор орынбасары Алмас Жұмашев өртті сөндіру жұмыстарын басқарады. Өртті сөндіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Өртті толықтай жою үшін барлық қажетті шара қабылданып жатыр. Қосымша ақпараттар жағдайдың өзгеруіне байланысты беріліп отырады, — деді комитеттің баспасөз қызметі.

Бұған дейін бүгін Қарағанды облысы Айнабұлақ ауылынан 20 шақырым жерде орналасқан Бахтин орман шаруашылығының аумағы өртеніп жатқаны анықталды.

Соңғы жаңалықтар