Қарқынды құрылыс: елорда инфрақұрылымы демографиялық өсімге дайын ба
АСТАНА. KAZINFORM – Астана әлемдегі ең қарқынды дамып жатқан бас шаһардың біріне айналды. Кейінгі бес жылда елордадағы тұрғын саны жарты миллионға көбейген, қоныс аударуға ниетті азаматтардың да қатары артуда. Алайда қала инфрақұрылымы мұндай демографиялық өсімге қаншалықты дайын? Мәселенің мән-жайын Kazinform тілшісі саралап көрді.
Бес жылда – 500 мың адам
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылдың басында Астана тұрғындарының саны 1 190 711 болған, биыл көрсеткіш 1 662 755 адамға жетті. Тек 2026 жылдың алғашқы тоқсанында халық саны 23 579 адамға көбейіп отыр. Оның ішінде 4 815 адам – табиғи өсімнің есебінен, ал 18 764 адам – көші-қон үлесінен қосылған.
Бас қалаға кімдер қоныс аударып жатыр? Өңіраралық көші-қон мәліметіне зер салсақ, елорда халқының қатарын көбейтіп отырған өңірлер – Ақмола облысы (2025 жылы оң көші-қон сальдосы – 6 045 адам), Түркістан облысы (9 674 адам), сондай-ақ Алматы облысы мен Алматы қаласы (жалпы жиынтық саны 6 мыңнан астам адам). Одан кейін Қарағанды, Қостанай және Қызылорда облыстары бар. Олар мұнда жұмыс іздеп, білім қуып, балаларының болашағы үшін қадам басады. Сондықтан жан басы көбейген сайын мектеп пен балабақша тапшылығы, емхана мен инфрақұрылымға түсетін жүктеме жеңілдемей тұр.
Білім беру
Астана қаласының Білім басқармасы қалыптасқан ахуалдың ауқымын нақты дерекпен көрсетті:
– Елордадағы оқушылар саны 2022 жылы 188,4 мың болса, 2024 жылы 215,6 мыңға жетті, ал 2025 жылы шамамен 258,4 мың оқушыны құрады. Бұған дейін жыл сайын ішкі көші-қон есебінен Астанаға мектеп жасындағы шамамен 5 мың бала келетін. Бұл өз кезегінде мектептерге деген сұранысты арттырып отыр, – дейді қалалық Білім басқармасы.
Жыл сайын келетін бес мың оқушы – басқа өңірлерден қоныс аударған отбасылардың балалары ғана. Бұған қоса, Астанада күн сайын орта есеппен 54 сәби дүниеге келеді. Қазір қалада 4-6 жас аралығындағы 39 мыңға жуық бала бар және олардың барлығы алдағы бірнеше жылда бірінші сынып табалдырығын аттамақ.
Шаһарда 205 мектеп жұмыс істейді, 314 964 оқушы білім алуда. Алдағы оқу жылында оқушы саны 337 200-ге жетуі мүмкін. Қазірдің өзінде мектептерде 17 400 орын тапшы, 18 мектеп белгіленген межеден артық оқушы қабылдап отыр.
Орын тапшылығы – жай статистика емес, күрделі мәселе. Мысалы, кей мектепте бір сыныпта 35-36 бала оқиды, мұғалімнің әр оқушыға жеке көңіл бөлуге мүмкіндігі жоқ. Қаланың кей ауданында мектептер үш ауысымдық жүйемен білім беруге мәжбүр.
Билік қол қусырып отыр деуге келмес. Кейінгі үш жылда жалпы сыйымдылығы 110 мың орындық 44 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл – қазіргі оқушы санының шамамен үштен біріне тең көрсеткіш.
– Білім беру нысандарының құрылысы демографиялық ахуалға, тұрғын үй құрылысының қарқынына, халықтың көші-қон өсіміне, сондай-ақ оқушы және мектепке дейінгі орындарға деген сұранысқа сай жоспарланады. Әсіресе тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан аудандар мен артық жүктемемен жұмыс істейтін білім беру инфрақұрылымына ерекше назар аударылады, – деп хабарлады қалалық Білім басқармасы.
Биыл 15 600 оқушыға арналған 12 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Оның 10-ы – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында, ал екеуі – жеке инвестиция есебінен салынады. Келер жылы тағы 18 мектеп ашылмақ. 2030 жылға дейін жалпы 143 мың балаға арналған 60 мектеп салынбақшы.
Сонымен қатар биыл қолданыстағы 7 мектепте қосымша ғимараттар бой көтереді: олар – №13, №41, №72, №73, №79, №82 және №86 мектептер.
Дегенмен, көрсеткіш әлі көңіл көншітпей тұр. Алдағы болжамды көші-қон ағыны жоғары, сол себепті мектеп құрылысын баяулатуға болмайды.
Балабақшалар: ваучерлік жүйе кезекті қалай қысқартты?
Мектепке дейінгі білім беру саласында да орын тапшылығы кездеседі. Осыдан бірнеше жыл бұрын балабақша кезегінде 50 мың бала тұрған еді. Қазір де күн сайын ондаған мың отбасы «жұмысқа кеткенде баланы кімге қалдырамыз?» деген сұрақпен бас қатырып келеді.
Мәселе жай ғана тұрмыстық қолайсыздық емес. Әйелдердің еңбек нарығына араласуына кедергі келтіретін фактор әрі әлеуметтік әділетсіздік сезімін тудыратын олқылық екенін жасыра алмаймыз.
Ресми мәліметке сенсек, 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 88,4%-дан 97,3%-ға дейін өсті. Ал 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткен.
– Мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігін арттырудың тиімді тетігінің бірі ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу болды. Осы механизмнің арқасында 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 88,4%-дан 97,3%-ға дейін ұлғайып, балабақша кезегіндегі балалар саны 50 мыңнан 18 мыңға дейін қысқарды, – деп мәлімдеді қалалық Білім басқармасы.
Ваучер дегеніміз – балабақша үшін мемлекет төлейтін ақша. Ата-аналар бұл ақшаны өздері таңдаған кез келген жеке балабақшаға бағыттай алады. Яғни, мемлекет монополист болуды тоқтатып, реттеуші рөліне көшуде. Нәтижесінде, Астанадағы 723 мектепке дейінгі ұйымның 619-ы – жекеменшік, онда 37 006 бала тәрбиеленіп жатыр. Ал 101 мемлекеттік ұйымда 30 218 бала бар.
Әлеуметтік салада нарықтық тетік тиімділігін көрсетті. Енді жеке инвесторлар тапшы аудандар мен қала шетіндегі аумақтарда мемлекеттік балабақшалар салу міндеті тұр. Осы мақсатта 2029 жылға дейін 60 жаңа балабақша салынуы мүмкін.
Күн сайын жолға 600 мың көлік шығады
Қаладағы көше-жол желісі тұрғындар саны бір жарым есе аз кезде әзірленген болатын. Енді, міне, көлік санының артуынан қосымша кедергіге тап болып отырмыз. Мысалы, қарбалас уақытта орталықтағы көліктердің орташа қозғалыс жылдамдығы сағатына небәрі 10 шақырымды құрайды: асықпай жүрген велосипедшінің жылдамдығымен шамалас.
– Қалада 456 мың көлік тіркелген. Тұрғындар басқа өңірлерде тіркелген автокөлікті де пайдаланады және күн сайын қалаға қосымша шамамен 100 мың көлік кіреді. Өткен жылдың басымен салыстырғанда көлік жүктемесі шамамен 10%-ға артқан. Осылайша, кірме көліктерді қоса есептегенде көлік жүктемесі тәулігіне 600 мыңнан асады, – деп мәлімдеді «Астана қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы» ЖШС.
Байқасақ, қалаға қоныс аударған әрбір отбасы өзімен бірге бір, кейде екі автокөлік ала келеді. Ал қоғамдық көлік жүйесі әзірге тұрғындарды жеке көліктен бас тартуға ынталандыра алмай отыр.
Осыған байланысты 2024 жылдың желтоқсанында мәслихат 2025–2035 жылдарға арналған көлік жүйесін дамытудың кешенді бағдарламасын бекітті. Жобада 2030 жылға қарай қалаішілік сапарлардағы қоғамдық көліктің үлесін 60–71 пайызға дейін жеткізу және қарбалас уақыттағы орташа қозғалыс жылдамдығын сағатына 25 шақырымға дейін арттыру көзделген. Мақсатқа бірнеше бағыт арқылы қол жеткізбек.
Бірінші бағыт – арнайы Bus Lane жолақтары. Елордада қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтардың жалпы ұзындығы 140 шақырым. Алдағы уақытта тағы 29,7 шақырым қосылады. Бүгінде тоғыз жедел көлік дәлізі пайдалануға берілсе, биыл тағы тоғызын іске қосу межеленген.
– Болашақта қоғамдық көліктің жедел қозғалысы қаланың негізгі магистральдарына енгізіледі. Осылайша, жолаушылар тасымалының жылдамдығын арттырамыз, – деп хабарлады Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы.
Екінші бағыт – жаңа жолдар мен жолайрықтар салу. Қазіргі уақытта Н.Тілендиев пен Ш.Бейсекова көшелерінің жолайрығы мен Әл-Фараби даңғылын Қабанбай батыр даңғылына дейін ұзарту жұмысы жүзеге асып жатыр. Оған қоса Ұлы Дала даңғылын Ш.Қалдаяқов көшесінен Қордай көшесіне дейін жалғастыру және Абайдың 150 жылдығы көшесінің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар биыл 80 шақырымнан астам жол жөнделеді.
Үшінші бағыт – интеллектуалды бақылау жүйесі. Биыл жол қозғалысы ережелерін тіркейтін 12 мобильді автоматтандырылған кешен іске қосылды.
– Кешен қала аумағының шамамен 30 пайызын бақылап, күн сайын автоматты режимде 1 500-ден астам құқық бұзушылықты тіркей алады, – деп нақтылады ведомство.
Төртінші бағыт –
жобасы. Ұзақмерзімді шешім ретінде жеңіл рельсті көлік жүйесіне (LRT) үлкен үміт артылып отыр. Бас жоспарға сәйкес, маршруттардың «айшық» тәрізді сызбасы қабылданған. Бұл – болашаққа бағытталған стратегиялық қадам. Өйткені рельсті көлік автомобилі бар мыңдаған адамның балама қатынас көлігі бола алады.
Денсаулық сақтау
Қала ішінде қайда қарасақ, тұрғын үй құрылысы. Енді елестетіп көріңіз, жаңа үйлер пайдалануға берілсе, оған мыңдаған адам қоныстанады. Арасында көпбалалы отбасылар, қарттар, тұрақты медициналық бақылауды қажет ететін созылмалы ауруы бар тұрғындар болуы ықтимал. Оның бәріне медициналық қызмет керек. Ал емхананы бір мезетте салып бітіру мүмкін емес.
– Халық санының өсуі медициналық нысандардың тапшылығын туындататыны анық. Учаскелік дәрігерге, консультативтік-диагностикалық базаға, мамандандырылған медициналық көмекке түсетін жүктеме көбейеді, – деп хабарлады қалалық Денсаулық сақтау басқармасы.
Бүгінде елордада алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 42 ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 13-і – мемлекеттік, 27-сі – жекеменшік, біреуі – республикалық және біреуі – ведомстволық мекеме. Аталған медициналық ұйымдарда 14 440 маман еңбек етеді, оның ішінде 4 121-і – дәрігер.
Нормативке сүйенсек, бір жалпы тәжірибе дәрігері 1 700 адамнан артық қабылдамауы тиіс. Ал бір учаскелік педиатр 6 жасқа дейінгі 500 балаға немесе 7-18 жас аралығындағы 900 балаға ғана медициналық көмек көрсете алады.
Бізде мұндай ереже сақтала бермейді. Халық саны жыл сайын кемінде 100 мыңға көбейіп отырғандықтан, учаскелік қызметке түсетін жүктеме артып келеді.
Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, «Өндіріс» тұрғын алабында бір ауысымда 100 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Сондай-ақ «Отау» тұрғын алабында, «Capital Park» тұрғын үй кешені ауданында және Ұлы Дала даңғылы мен Ш.Айтматов көшесінің қиылысында 500 адамды қабылдайтын үш емхана бой көтермек.
Бұдан бөлек:
- Ж.Нәжімеденов көшесінде – бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын емхана;
- «Alatau Park» тұрғын үй кешені ауданында – бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емхана;
- Р. Бағланова көшесінде – бір ауысымда 1 000 адамды қабылдайтын емхана салу көзделген.
Сонымен қатар «Сарыарқа» ауданында 250 орындық перинаталдық орталық пен №3 көпсалалы қалалық аурухана салынып жатыр. Тағы бір перинаталдық орталық «Сарайшық» ауданында бой көтермек. Жобаларды іске асыру мерзімі 2026-2030 жылдар деп көрсетілген.
Кадр тапшылығын азайту мақсатында 2025-2027 жылдарға аса тапшы мамандықтар бойынша 141 грант бөлінді. Басқарма медициналық ұйымдарға түсетін жүктемені тұрақты түрде бақылап, халыққа қажетті нысандарды ең жоғары сұраныс бар аудандарда салуға басымдық беріп отыр.
Бас жоспар: болашағын айқындаған қала
Барлық салалық бағдарламалардың негізінде бүкіл қаланың даму бағытын айқындайтын бір басты құжат тұр. Ол – 2024 жылдың қаңтарында Үкімет қаулысымен бекітілген Астананың Бас жоспары.
– Негізгі бағыт – Астананы жаһандық орталық және өмір сүруге қолайлы, инклюзивті қала ретінде қалыптастыру, – деп атап өтті Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы.
Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға қарай елорда халқының саны 2,28 миллион адамға жетеді деп болжанып отыр. Осы көрсеткіш бойынша барлық әлеуметтік инфрақұрылым нысандары есептелген.
2035 жылға қарай:
- 374 мектеп;
- 378 балабақша;
- 184 денсаулық сақтау нысаны;
- 140 спорт және мәдениет нысаны;
- 23 оқушылар сарайы жұмыс істеуі тиіс.
Бас жоспар 6 ауданға, 148 секторға бөлінген. Әр аймақта жайлы орта қалыптастыру көзделіп отыр. Мұндағы негізгі қағида қарапайым: егер жұмыс орны, дүкен, емхана мен мектеп үйдің маңында болса, қала тұрғынына қаланың бір шетінен екінші шетіне қатынаудың қажеті болмайды. Кептеліс азайып, өмір сапасы жақсармақ.
Айта кетерлігі, соңғы үш жылда қаланың тұрғын үй қоры 40 пайызға өсіп, 30 миллион шаршы метрден 41,5 миллион шаршы метрге жетті. 2022-2025 жылдары 15,4 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. 2035 жылға қарай тұрғын үй қорының көлемі 68,2 миллион шаршы метрге жетуі тиіс.
– Қала құрылысын дамыту кезінде халық санының өсімі, көші-қон, жұмыс орындары және әлеуметтік инфрақұрылым ескеріледі. Сонымен қатар көлік жүктемесінің артуы, инженерлік инфрақұрылым тапшылығы, сумен, жылумен және электр энергиясымен қамту жүйелері өзекті. Экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және қаланың жасыл белдеуін дамыту мәселелері де назарда болады, – деп атап өтті Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы.
Бас жоспарға сәйкес, сумен қамту жүйесін кеңейту үшін №4 сорғы-сүзгі станциясын салу, кәріз-тазарту құрылысын жаңғырту, жаңа электр қосалқы станцияларын іске қосу және жылу энергетикасы қуаттарын ұлғайту жоспарланған. Қала тек мектеп, емхана салумен шектеліп жатқан жоқ, сонымен бірге инфрақұрылым қаңқасын қалыптастыруда.
Астананың көп қаладан артықшылығы, шаһардың нақты даму бағыты айқын. 2035 жылға дейінгі Бас жоспар – жай декларация емес, нақты көрсеткіші, мақсаты мен мерзімі белгіленген құжат. Көлік қатынасы, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы бағдарламалар демографиялық болжаммен өзара үйлестіріліп отыр.