«Қарлығаш-аналар жасөспірімдер арасындағы темекі шегушілікке қарсы» қозғалысының қатары толыға түсуде

ОРАЛ. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - «Қарлығаш-аналар жасөспірімдер арасындағы темекі шегушілікке қарсы» қозғалысының қатары толыға түсуде. Бұл туралы Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығы БҚО филиалында өткен басқосуда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Бұл отырысқа осы жобаның үйлестірушісі, қауымдастықтың аймақтар бойынша өкілі Гүлназ Мырзағұлова Астанадан арнайы келіп қатысып, облыста атқарылған жұмыстар нәтижесімен танысты. Өңірде бүгінгі таңда 150-ден астам еріктілер осы қозғалысқа үлес қосуда. Олардың арасында мектеп оқушыларынан бастап, студенттер, ҮЕҰ мүшелері, ұстаздар, жеке кәсіпкерлер, зейнеткерлер де бар. Бәрінің алдына қойған мақсат - салауатты өмір салтын насихаттап, жас ұрпақты темекі шегуден бас тартуға үндепғ шылым шегудің залалы туралы кең түрде насихат жүргізу. Қазір қай сауда орнынан да арақ-шарап пен темекінің неше түрін табуға болады. Дегенмен, «қарлығаштықтардың» дүкен қожайындарымен, дүкеншілермен жүргізген насихаты нәтижесінде 18 жасқа дейінгілерге темекі сату мүлде тоқтатылды десе де болады.

Кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатып, заңды аяққа басқандарға қойылар талап күшейіп, айыппұл мөлшері көбейтілді. Атап айтқанда, ол заңға сәйкес жеке тұлға үшін бес, жеке кәсіпкер, заңды тұлға, шағын және орта бизнес нысандарына он бес, ірі кәсіпкерлерге қырық бес есе айлық есеп мөлшерінде болып отыр.

Алайда, бір өкініштісі, кәмелетке толдық деп тәттіге қимаған ақшасына темекі алып, көк түтінді бұрқыратып жүргендері де аз емес. Әсіресе, ондайлар ЖОО маңында жиірек кездесуде. Жиынға қатысқан тәртіп сақшылары осындай жайттарға қатысты ойларын айта келе, алдағы уақытта да «қарлығаштықтармен» бірге ынтымақтаса жұмыс жүргізе беру нәтижесінде ондай жат қылықпен әуестенушілер қатары азаятына сенім білдірді.

Жоба бойынша Астана, Алматы, Ақтау, Орал, Павлодар, Шымкент, Алматы облысының Іле ауданында жүргізілген жұмыстардың нәтижесі жыл сайын қорытындыланып келеді. Оралдық "қарлығаштықтар" алты қаланың ішінен оза шауып, үнемі алдыңғы лектен көрінуде. Алдағы айларда Шымкент қаласында өтетін жыл қорытындысына әзірлік те ойдағыдай. Еріктілер жаз бойы аула клубтарымен бірлесе отырып, көптеген шара өткізді. Оқу жылының басталуына орай мектептермен байланыс жанданып, оқушыларды шылым шегу сияқты жаман әдеттен аулақ болуға үндейтін шаралар өткізу сынып жетекшілерінің жоспарына да енгізілді. Тәртіп сақшыларымен бірлесе жүргізген рейд барысында еріктілер көшеде отырып, саудасын қыздыратындарға, темекіні түйірлеп сататындарға қатаң ескертті.

Астанадан келген өкіл осы жобаны белсенді жүргізіп келе жатқан қауымдастықтың БҚО филиалы төрайымы Әлия Райымқұловаға алғыс айта келе, бір топ белсенді еріктіге естелік сыйлықтар табыс етті.

Соңғы жаңалықтар