Кәрім Мәсімовтің зәулім сарайы қайта сатылымға қойылды
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке тиесілі зәулім үй тағы саудаға шығарылды.

- Аукцион аясында Астана қаласы, Нұра ауданы, Қараөткел шағын ауданы, Ерейментау көшесі, 1-құрылыс мекенжайында орналасқан жертөлесі бар тұрғын үй сатылымға қойылады. Нысан барлық қатысушы үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін ашық және бәсекеге қабілетті шарттарда жүзеге асырылады, - деп жазылған компанияның ресми сайтында.
Айта кетсек, биыл 10 ақпанда Кәрім Мәсімовтің Астанадағы сарайы 1,8 млрд теңгеге сатылымға шығарылған еді.
Алайда 25 ақпанда өткен аукционда Кәрім Мәсімовтің зәулім сарайын ешкім сатып алмады.
Еске салайық, ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов 2022 жылы 8 қаңтарда ұсталды.
ҰҚК таратқан мәлімет бойынша, Мәсімовтің премьер-министр лауазымында болуы кезеңінде бизнес-құрылымның бірінен астанада құны 2,5 млрд теңге элиталық тұрғын үй мен жер телімін алу фактісі бойынша тергеу жүргізілді.