Қартайтпайтын һәм жасартатын «әбілхаят суы» қашан пайда болады?!

Бұл бағыттағы ғылыми ізденістерге Астанадағы Назарбаев университетінің «Өмір туралы ғылым» орталығы да белсенді түрде араласып келеді. Оның тұңғыш жемістері мен соңғы заманауи жетістіктері жайлы сайт тілшісіне «Өмір туралы ғылым» орталығының бас директоры, хирургия профессоры Жақсыбай Жұмаділов әңгімелеп беруге өз ықыласын білдірген болатын.
- Ең алдымен Орталықта қандай жобалар іске асырылып жатқандығынан хабар беріп кетсеңіз?
-Біз биыл қаңтар айында ашылдық және орталыққа бір жыл толып үлгерген жоқ. Сондықтан біздің ең басты мақсатымыз бастапқыда ғылыми жұмыстарды жүргізуге сай келетін инфрақұрылым құру болып келді. Екіншіден, әлеуетті мамандар құрамын жасақтауға мән бердік. Бұл ҚР Президентінің тапсырмасы болатын. Қазіргі уақытта бізде инфрақұрылым мен даярлықтан өткен кадрлар құрамы жасақталып қалды деп айта аламыз. Жыл соңына дейін біз қосымша Питсбург және Дьюк университеттерінің базасында 13 жас ғалымды оқытуды жоспарлап отырмыз.
Бұдан бөлек бізде мемлекеттік тапсырма, яғни 55-бағдарлама бар. Аталмыш бағдарлама аясында бізде 5 ғылыми бағыт бойынша, 5 жоба іске асырылуда. Бұлардың барлығы да практикалық жобалар. Яғни олар жүзеге асырылып біткен соң, өзінің белгілі бір нәтижесін беруі тиіс. Біз бұл жобаларды Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің талаптарын ескере отырып құрдық. Қазақстанда тек іргелі зерттеулермен айналысуға мүдделілік танытпай, денсаулық сақтау жүйесінің талаптарын, қажеттіліктерін ескеруге тырыстық.
Бірінші жоба ана құрсағындағы нәресте дамуының тежелу процестерін емдеуге бағытталған. Бұл өте жоғары технологиялы емдеу шарасы. Біздің елде балалардың шетінеуі, ана өлімі ең басты проблемаға айналып келеді. Нәрестенің ана құрсағындағы дамуының тежелуі баланың өліміне немесе жетілмей тууына акеліп соғады. Сондықтан бұл жобаның өзектілігін ескере отырып, біз бұл дертті емдеудің әдісін жасауға кірістік. Қазір Ана мен бала ұлттық орталығының базасында «Өмір туралы ғылым» орталығының басшылығымен, германиялық әріптестердің көмегімен осындай зерттеулер жасалуда. Нәрестеге қажетті нәр анасының кіндік тамыры арқылы түсіп отырады. Егер бұл процесс бұзылатын болса, балада құрсақ ішіндегі дамудың тежелуі пайда болады. Ол үшін арнайы порт-жүйе және катетер жасалды. Бұл құралдардың негізінде біз кіндік тамыр арқылы нәрестеге керекті нәр жеткізіп отырамыз. Содан кейін баланың құрсақтағы дамуы қалыпқа түсіп, ағзасы еш ақаусыз, сау болып өседі. Бастапқыда бұл әдісте катетерлеу барысы дұрыс жүрмеді. Сол себепті біз неміс мамандарымен бірлесіп, порт-жүйеге өзіміздің техникалық шешімдерімізді енгізіп, біршама тиімді өзгерістер жасадық. Қазіргі кезде оған патент алу жұмыстары аяқталуға жақын. Яғни жобамызды коммерциализациялау мүмкіндіктері ашылып келеді. Бұл Назарбаев университетінің халықаралық деңгейдегі тұңғыш жобасы болмақ.
Тағы бір жоба - жасанды өкпе. Бұл балалардың тыныс алу жетіспеушілігін орнын толтыруға арналған соңғы заманауи шешімдердің бірі. Тыныс мүшелерінің ауруы - балалардың өлім-жітіміне бірден бір себепкер, көп тараған аурулардың бірі. Әрине медицинада бұдан да басқа алдын алу әдістері бар. Алайда олардың тиімділігі аз және ол дертті емдеуге тым қауқарсыз. Жақында біздің әріптестеріміздің бірі, АҚШ-тың Питсбург университетінде ересек адамдарға арналған жасанды өкпенің нұсқасы шықты. Аталмыш өкпе адамның тыныс алу жетіспеушілігінің алдын алуға, ал егер ол асқынып кеткен жағдайда оңалтуға да көмектеседі. Осылайша емдеу нәтижелері жақсара түседі.
- Сөз жасанды өкпенің трансплантациясы туралы болып отырғаны ма?
- Жоқ, мұнда өкпенің трансплантациясы жөнінде сөз қозғалып отырған жоқ. Бұл аз инвазиялы процедура. Ол тек толықтырушы болып табылатын арнайы аппарат. Адамда өзінің өкпесі де жұмыс істеп тұрады. О баста бұл тәсіл ересек адамдар үшін жасалған. Біз бала өлімін азайту мақсатында оны балалардың тыныс алу жолдарына келетіндей етіп бейімдеуді шештік. Ол үшін жасанды өкпеге өзіміздің техникалық шешімдеріміз бен өзгерістерді енгіздік. Қазір бұл техникалық шешімдер американдықтардың тарапынан толық қолдау тауып, мақұлданды. Жоба жақын арада патенттеледі. Қазір ол құрылғы сынақтан өтуде және оның алғашқы нәтижелері көңілге үміт ұялатады.
Бұдан бөлек орталық Дьюк университетімен бірлесіп, Қазақстанда дәрі препараттарын клиникалық сыннан өткізетін орталықты ашу бойынша жұмыс жасаудамыз. Қарап отырсаңыздар, біздің еліміздің аумағына Үндістаннан, Қытайдан құрамы белгісіз түрлі дәрі-дәрмектер ағылып жатыр. Оның сапасы мен қауіпсіздігіне кім кепіл бере алады?! Мұнда да елдің қауіпсіздігі мәселесі тұр.
Сондықтан әңгіме оларды тәуелсіз сыннан өткізетін, орайы келгенде өзі де жаңа дәрілік препараттарды жасап шығара алатын ғылыми орталықты құруда жатыр. Мұндай жоба «Өмір туралы ғылым» орталығының базасында Дьюк университетімен бірге іске асырылуда. Қазіргі уақытта дәрілік препараттарды клиникалық сыннан өткізудің әлемдік нарығын бағамдасақ, ол 100 млрд. доллардан асатын көрінеді. Егер ресейлік нарыққа келетін болсақ, оның көлемі 400 млн. доллар шамасында. Ал Қазақстанда тіпті бұл саланың нарығы жоқ, яғни бұл игерілмеген тың жерлер сияқты.
Біз жасап жатқан төртінші жоба адамның геномын зерттеуге қатысты. Сіздер білесіздер, туберкулез мәселесі елімізде қатты ушыққан. Ресми деректерге сәйкес, 2006 жылдан бері туберкулездің мультирезистентті формасымен, яғни антибиотиктерге төтеп бере алатын түрімен ауратындардың саны көбейіп келеді. Біз бұл тақырыпты АҚШ-тың Колумбия университетімен бірлесіп дамытуды қолға алдық. Олар бұл салада бірнеше жылдан бері айналысып келеді. Бірлескен жобада қазақстандық ғалымдар микроағзалардың генетикалық, геномдық зерттеулерін жасауда. Ол зерттеулерде әлеуметтік және экологиялық факторлар бірдей қамтылатын болады. Сондай-ақ туберкулездің мультирезистентті формаларына бейімділік танытатын генетикалық факторлар да тыңғылықты зерттеледі. Қазіргі уақытта біз бұл ғылыми жұмыстарды жүргізуге қажетті техникаларды орнатып жатырмыз.
Және тағы бір жобамыз адамның ұзақ өмір сүру сапасына байланысты. Адамның қалыпты, әдеттегі қартаюы шамамен 100-120 жылға созылады. Алайда патологиялық қартаю деген түсінік бар. Ол адамның өмір жасының қысқаруына, түрлі ауруларға жиі шалдығуына басты себеп болып табылатындығы барлық ғылыми қауымдастыққа аян. Осыған байланысты қазіргі уақытта оған қарсы геронтотехнологиялар мен геронтоинжиниринг салалары дамытылуда. Ғалымдар патологиялық қартаюдың бастапқы сатысын анықтау мәселесіне көп көңіл бөлуде. Сондықтан біз болашақта гендік және жасуша деңгейінде патологиялық қартаюды анықтайтын биомаркерлерді дайындаудамыз. Айтарлықтай ізденістер мен жаңалықтар жасалды, енді оны тек клиникалық тәжірибеге енгізу қажет. Егер барлығы орынды болса, бұл - адам өмірінің сапасын арттыруға болады.
- Орталықта адамның ұзақ өмір сүру сапасын жақсартатын өзінің төл жаңалығы немесе жасап шығарған жобасы бар ма?
- Иә, бізде адамның ұзақ өмір сүруіне бағытталған жобалар бар. Мәселен, микробиот бойынша жасаған жобамызбен мақтана аламыз. Микробиот - ол асқазан-ішек жолдарының жасушалары. Бүгінгі күні адамдардың ағзасы белгілі бір тағамға түрліше жауап беретіндігі ғылыми түрде дәлелденді. Бұл - микробиоттардың ерекшеліктерін ескере отырып, дәрілік препараттарды және диеталарды белгілеу қажет дегенді білдіреді. Айта кету керек, бұл жұмыстарды Оксфорд университетінде алғашқы нәтижелер жөнінде баяндама жасаған кезде әлемдік ғылыми элитаның үлкен қолдауына ие болды. Неге? Өйткені біз шұбат, айран секілді отандық тағамдардан алынған микроағзаларды пайдалануға тырыстық. Жергілікті халық бұл тағамдарға бірнеше жүз жыл ішінде бейімделіп алды. Біздің мақсатымыз - дәл осы ұлттық тағамдардан бөлініп алынған микроағзалардың негізінде асқазан-ішек жолдарының жұмысын жақсартатын консорциум жасап шығару. Бұл бір бағыттардың бірі.
Сонымен қатар онкологиялық науқастарды емдеуге байланысты бірнеше зерттеулер бар. Көптеген әдістемелер онкологияда өте жаман емес нәтижелер көрсетеді. Бірақ онкологиялық аурулардың ем-домға көне қоймайтын радиорезистентті, химиорезистентті түрлері бар. Соған байланысты біз отандық онколог ғалымдармен бірге АҚШ-тың Гинсбург университетінің онкологиялық ауруларды емдеу саласындағы жаңа зерттеулеріне қосылып, атсалысудамыз. Біздіңше, емдеудің тіпті бөлек әдістерін табу керек. Кейде адам қатерлі ісіктен емес, химиотерапиядан қайтыс болып жатады. Өйткені ол - ем жасаудың аса зиянды әдісі. Сондықтан қазір біз жапондық әріптестермен бірге бор-нейтронды терапияны жасап шығару ізденістеріне үлкен мән берудеміз. Ол бойынша адамға құрамында бор элементтері бар препарат енгізіледі. Оны қатерлi iсiк торшалары қаптап алады, кейін нейтронмен сәулелендіріледі. Оның сыртында, ағзаның өзі қас қағым сәтте қатерлі ісік торшаларын жоятын жүздеген альфа-бөлшектер бөледі. Ал адамның сау тіндері зардап шекпейді.
- Сіздердің орталықтарыңыз адамның мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған дәрілік препараттарды шығару бойынша ғылыми ізденістер жасай алар еді. Мәселен, адамның ойлау, есте сақтау немесе көздің көру қабілеттерін күшейтетін дәрілер.
- Бұл бағыттағы жұмыстарды біз бастап та кеттік. Бірнеше жобалар бар, бірақ олар туралы алғашқы жемісті нәтижелер шыққан кезде айтатын боламыз. Әзірше оның қай салада екендігін айта кетейін. Қазір біз Қазақстанда өсетін шөптерден, өсімдіктерден жасалған отандық емдік субстраттарды іздестіріп жатырмыз. Себебі бұл өсімдіктерге біздің ағзаның бейімділігі бар. Пайдалы құрамын бөліп шығаруды үйренгеннен кейін, біз оның емдік бағытын анықтайтын боламыз. Мысалы, бірі есте сақтауды күшейтсе, екіншісі көз қырағылығын жақсартады, келесі бірі интеллектуалды қабілетті дамытса, келесі бірі дене әлеуетін дамытуға оң әсер етуі мүмкін.
- Шынын айтыңызшы, «әбілхаят суы» сынды адамның өмір жасын мәңгілік ете алатын дәрі қашан пайда болады? Ғалымдар оны ойлап табудың сәл-ақ алдында тұр деп айта аласыз ба?
- «Әбілхаят суы» - бұл адамзаттың ежелден келе жатқан ең асқақ арманы. Өздерінің ғаламдағы ең әлсіз жаратылыс егесі екенін сезінгеннен бастап пәнидегі пенделер қартайтпайтын, өлтірмейтін күш ойлап табуға жанталасты. Оны ойлап табуға кезінде ғалымдар емес, алхимиктер тырысып көрген болатын. Ғалымдар бұған тек соңғы 10 жыл ішінде ғана шындап кірісе бастады. Қазір адамдардың «ғұмырларын» ұзартып, «өлтірмейтін су» ойлап табу зерттеулеріне қажетті ғылыми база енді-енді жасақталып жатыр. Дегенмен ғалымдар қазірдің өзінде бірқатар жетістіктерге жетті десе болады. Дегенмен бұл дәл әбілхаят суын ішкен сықылды бір қабылдағанда қартайған қарияны, тепсе темір үзетін жас жігітке айналдыра кететіндей технологиялар емес. Себебі біз білеміз, адамның ұзақ жасауы бір емес, бірнеше себептерге байланысты. Ол генетикалық, әлеуметтік, денсаулық сақтау, экологиялық және тағы басқа факторларға тәуелді. Мәселе адамды сауығуға, жасаруға және ұзақ өмiр сүруге мүмкiндiк туғызатын әсерлi жүйенiң жасалуы туралы болуы тиіс. Онда медициналық факторлар да және адамның генетикалық фоны да есепке алынуы керек. Дәл осындай жүйе пайда болған кезде ғана адамда ұзақ жасау үміті пайда болады. Сол кезде ғана біз өзіндік бір «әбілхаят суының» пайда болғанын айта аламыз. Біз жоспарлы түрде бұл жұмыстарға атсалысып жатырмыз. Егер қандай да бір нәтижелер болып жатса, Сіздерге міндетті түрде хабарласамыз.
- Әңгімеңізге рахмет!