Қарттар әлемдегі алғашқы су электр стансасы жұмыс істеген жерге ескерткіш орнату жөнінде ұсыныс жасады - ШҚО
АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат - Тым ертеде Шығыс Қазақстандағы Зыряновск деген кішкентай ғана кеншілер кентін қақ жаратын Березовка өзенінің бойында әлемдегі ең бірінші су электр стансасы тұрған.
Жай тұрмаған, сатұр-сұтыр жұмыс істеп, маңайындағы елді мекендерді, кен орындарын электр қуатымен қамтамасыз еткен. Тарихшылардың айтуынша, Қазақстандағы ең алғашқы су электр стансасы 1892 жылы Зыряновск кенішінің маңында салынған. Ал әлемдегі ең бірінші су электр стансасы болып саналатын Сьерра-Невададағы гидростанса сол жылы салынғанмен, Зыряндағыдан кейін іске қосылған. Ол кезде біздің су электр стансамыз Березовка өзенінің суын бұрқырата сапырып, толық күшімен жұмыс істеп жатқан. Сондықтан әлемдегі ең бірінші гидростанса Зыряновск су электр стансасы болуы керек еді, бірақ қазақстандықтар дер кезінде құжаттарын өткізбей, жайбасарлықпен жүргенде, ол атақты гидростансасын бізден кейін іске қосқан сьерраневадалықтар алып кеткен.
Зыряновск су электр стансасын салған инженер-гидротехниктер бұрын ешкімнің қолынан келмеген идеяны жүзеге асырған. Олар қыс кезінде су азайғанда арықтардың суын пайдаланған. Шындығына келсек, бір-ақ өзен арнасының кеңейіп-тарылуына қарамастан, жыл бойы тоқтамай жұмыс істеген біздің гидростансаның қазіргі кезде аты бар да заты жоқ. Тек жергілікті қариялар ғана білетін орны тұр, мұрағаттарда сақталған фотосуреттері қалған. Бұл мықты жобаның авторы және оған «жан бітірген» тау-кен инженері Николай Кокшаровтың есімі тарихта қалды.
Жалпы, Алтай - Тарбағатай өлкесіндегі ақсақалдардың бұл бастамасы құптауға тұрарлық. Егер 1892 жылы салынған гидронысанға ескерткіш орнатылып жатса, еліміздің тарихы тағы бір қырынан танылар еді. Әлемдегі алғашқы гидростансалардың бірін біздің пайдаланғанымызды шетелдерден келген қонақтарға айтып, мақтанғанның өзі неге тұрады, деп жазады «Айқын» басылымы.