Қарттар күні: Қазақстанда қандай әлеуметтік қолдау көрсетіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін әлем Қарттар күні мерекесін атап өтіп жатыр. Бұл күн 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында ресми бекітілген. Жыл сайын 1 қазан күні дүние жүзінде Қарттар құқығын қорғау қауымдастықтары түрлі фестивальдер, олардың құқықтары мен қоғамдағы рөлі туралы конференциялар мен жиналыстар ұйымдастырады. Қазақстанда да қарттарды әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған.

Қай өңірде қариялар көп
2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, Қазақстанда 2 млн 370 мың зейнеткер бар. Оның ішінде әйелдер саны екі есе басым: 883 106 ер және 1 626 433 әйел бар.
2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 65-тен асқан егде жастағы халық үлесі 9,2%-ке жеткен. Әсіресе Солтүстік Қазақстан облысында егде жастағы халықтың үлесі — 15,7%, Шығыс Қазақстан облысында — 16,3%, Қостанай облысында — 14,1% болып отыр. Солтүстік өңірлерде халықтың қартаюының негізгі факторы — жастардың көші-қоны.
Ал 100 және одан да үлкенірек жастағы 448 азамат бар. Ең жасы үлкен қазақстандық Ұлытау облысында тұрады, ол 115 жасқа толған туған күнін атап өтті.
Жүз жасқа толғандардың ең көп саны еліміздің ең ірі қаласы Алматыда тұрады, онда 100 және одан жоғары жастағы 58 адам бар. Ұзақ өмір сүрушілер саны бойынша екінші орында — Түркістан облысы. Онда 100 жастан асқан 53 адам тұрады. Ал үшінші орында — Алматы облысы, онда 100 жасаған 37 адам бар.
ҚР 45 стационарлық үлгідегі мемлекеттік орталықтарда (қарттар үйлерінде) 3 547 зейнеткер тіркелген. Оның ішінде 2058 (58%) ер және 1489 (42%) әйел тұрып жатыр.
Сондай-ақ, ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес, табысы күнкөріс деңгейінен төмен тұратын азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету қарастырылған. 2025 жылдың 1 қыркүйегінде 270,6 мың адамға АӘК көрсетілді, оның ішінде зейнеткерлер саны — 632 адам.
Зейнетақы қалай тағайындалады
Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 трлн 804,4 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге — 907,4 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге — 1 трлн 897 млрд теңге қарастырылды.
Республикалық бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 142 894 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері — 95 326 теңге, базалық зейнетақы — 47 568 теңге.
2025 жылғы 1 қаңтарда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ҚР Ұлттық банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2% — ға оза отырып ұлғайтылды.
Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жылда ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғары — 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.
Мәселен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңгені құрап, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ға дейін арттырылып, 50 851 теңгені құрайды.
Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 90%-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 110% белгіленеді.
Әлеуметтік көмек кімге көрсетіледі
Қартаю табиғи процес болғанымен, халықтың жалпы санына шаққанда қарттар санының сақталуын денсаулық сақтау, медициналық жетістіктер мен экономикалық-әлеуметтік даму нәтижесі деп те қарауымыз қажет. ҚР Әлеуметтік Кодексіне сәйкес, қарияларға арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі ұсынылады. Бұл қызметтер стационар, жартылай стационар, уақытша болу және үй жағдайында көрсетіледі. Негізгі мақсат — өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу және интеграциялау және арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж деп танылған адамдарға (отбасыларға) бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Бұл ретте арнаулы әлеуметтік қызметтер зейнет жасына толған, өзіне-өзі қызмет көрсетуге қабілетсіз және денсаулық жағдайы бойынша әлеуметтік қызметке мұқтаж және еңбекке қабілетті кәмелетке толған балалары, жұбайы (зайыбы) жоқ адамдарға көрсетіледі.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мәліметінше, бүгінгі күні арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарда (стационар, жартылай стационар, үйде және уақытша болу нысандарында) 36 мыңнан астам зейнеткер қызмет алған. Мұнда да әйелдер саны (27 460) ерлерге қарағанда (8 684) көбірек.
Әлеуметтік жұмыскерлер 8 қызмет түрін көрсетеді: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбек және әлеуметтік-медициналық. Оларды тағайындауда қызмет алушылардың жасы мен денсаулығы, жеке оңалту бағдарламасы және қозғалыс белсенділігінің төмендеуі мен тұрмыс жағдайы міндетті түрде ескеріледі.
Үй жағдайында өзіне-өзі қызмет көрсетуге көмек; үйден тыс жерде сүйемелдеу (медициналық ұйымдар, мәдени іс-шаралар, бос уақытты ұйымдастыру); әлеуметтік қамсыздандыру бойынша кеңес беру; құжаттарды, жәрдемақыларды, жеңілдіктерді, шағымдарды рәсімдеуге көмек көрсету; тегін заңгерлік көмек алуға жәрдемдесу секілді қызметтер ұсынылады.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізілді. Бүгінге дейін 94 305 адамға қызмет көрсететін 587 ұйымға лицензия берілді.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары
Қарт буынға қамқорлық жасау, олардың өмір сүру сапасын жақсарту, әлеуметтендіру және бос уақытын ұйымдастыру — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Азаматтарды белсенді ұзақ өмір сүруге тарту мақсатында Еңбек министрлігі барлық өңірде Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашты.
Бұл орталықтар «бір терезе» қағидаты бойынша үш бағытта жұмыс істейді: белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және қоғаммен байланыс. Бүгінде еліміз бойынша 127 орталық жұмыс істейді. Қалаларда — 64, ауылдық жерлерде — 63 орталық зейнеткерлерге тегін қызмет көрсетеді.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, биылғы жылдың 2 тоқсанында 116 354 қызмет алушыға шамамен 649 245 түрлі қызмет көрсетіліп, 2 915 іс-шара өткізілкен. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде егде жастағы белсенді азаматтардың саны артып, олардың денсаулығы мен психоэмоционалдық мәртебесінің жақсарғаны байқалды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.