Қарты бар үйдің қазынасы бар

Қаланың көнекөз қарияларына имандылыққа ұйысқан өскелең ұрпақ ізгі тілектерін, жылы лебіздерін жеткізді. Бас мүфтидің сөзімен ашылған кеште терме айтылды, айтыс өтті, арнайы қойылым да көрсетілді.
«Асыл дініміз Исламда үлкендерге құрмет көрсету ерекше маңызға ие. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Қандай да бір жасы үлкен кісіге құрмет көрсетсе, Алла оған жасы ұлғайғанда құрмет көрсететін адамды жолықтырады», - деген.
Үлкендерге құрмет көрсетуде сөзімен де, ісімен де өзгеге өнеге қалдырған пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес», - деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамдарға сусын не тамақ таратқанда алдымен үлкендерден бастауды бұйыратын. Дініміздің жанашыры Елбасымыз да қарттарға қамқорлық жасап, әлеуметтік көмек көрсетіп келеді.
«Ата-ананың үміт-арманы баласымен бірге жасайды. Сол себепті олардың бар тілеуі перзенттерінің үстінде. Осындай ата-ананы сыйлау сәби шағыңда өзіңді олар қалай бағып-қақса, қартайғанда оларды да солай алақанға салып аялап, күту қандай ғанибет! Қазақ - «Төріңнен қарт кетпесін» деп тілеген халық. Қарттың бүгілген беліне сүйеу болу, үлкенді сыйлап, құрметтеу - ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздер жастар үшін қашан да арқа сүйер асқар таусыздар, жанашыр, ақылы дария ақылмансыздар! Олай болса, хадисте айтылғандай, ата-ананың баласына жасаған дұғасы қабыл. Еліміздің болашағы саналған жастарымызға, дінге қызмет етіп жүрген бауырларыңызға Алладан жарылқау тілеп, дұға жасап қойсаңыздар абзал болады. Алла тағала баршамызды жақсылықта жолықтырғай. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Осында отырған барша бауырларымды қазыналы қарттарымызға ұдайы құрмет көрсетуге шақырамын», - деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Иә, халқымызда: «Қарты бар үйдің қазынасы бар. Ақсақалы сиреген ауылдан ар-иман қашады», - деген қанатты сөздер бар. Өйткені, кез келген қазақ шаңырағындағы ата-ана өз баласын үлкендерді сыйлауға тәрбиелейтіні ақиқат. Жастарды осынау игілікке итермелеген Жазушылар Одағындағы кештің мәні де маңызы да зор.
Қарттарға құрмет көрсетуге арналған қойылым көпшіліктің көзіне жас үйірді. Белгілі актер Бекжан Тұрыстың орындаған Майлықожа ақынның теремесі де көп ой салды. Аталар мен әжелерді құрметтеуге үндейтін бейнеролик көрсетіліп, өлең оқылды.
Алматы қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайхуддинов ақсақал баяндама жасап, Діни басқарманың игі бастамасына алғысын білдіріп, Елбасының қарттарға жасап келе жатқан қамқорлығын сөз етті. Ол Алматы қалалық әкімшілігі қазан айын қарттар мерекесі етіп жариялағанын жеткізді.
Іс-шара соңында қарияларға арнайы сыйлық үлестіріп, дастархан жайылды.