Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қарулы күштерде 7 мыңға жуық әйел әскери қызмет атқарады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі таңда Қазақстан армиясының қатарында 7 мыңға жуық әйел қызмет етеді. Олардың мыңға жуығы – офицерлер, ал 6 мыңнан астамы – келісімшарт бойынша әскери қызметшілер. Сонымен қатар 11 әйел басшылық лауазымдарды атқарады.

Қарулы күштерде 7 мыңға жуық әйел әскери қызмет атқарады
Фото: Қорғаныс министрлігі

Бүгінде әйелдер Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ажырамас бөлігіне айналып, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Олар ер азаматтармен қатар әскери қызметтің түрлі бағыттарында кәсіби міндеттерін абыроймен атқарып жүр. Қазіргі таңда Қазақстан армиясының қатарында 7 мыңға жуық әйел қызмет етеді. Олардың мыңға жуығы – офицерлер, ал 6 мыңнан астамы – келісімшарт бойынша әскери қызметшілер. Сонымен қатар 11 әйел басшылық лауазымдарды атқарады.

Әйел әскери қызметшілер Қарулы күштердің барлық түрлері мен әскер тектерінде қызмет етеді. Олар әскери медицина, психология, қаржы, заң, байланыс, кадр жұмысы, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, іс жүргізу және ақпараттық технологиялар салаларында жауапты міндеттерді атқарып келеді. Бұл олардың тек көмекші қызметтерде ғана емес, әскери басқару жүйесінің маңызды буындарында да табысты еңбек етіп жүргенін көрсетеді.

Соңғы жылдары әйелдердің әскери қызметтегі мүмкіндіктері едәуір кеңейді. Бүгінде олар жауынгерлік қамтамасыз ету бөлімшелерінде де қызмет атқарып, штаб офицері, нұсқаушы, ұшқыш, мерген және арнайы мақсаттағы бөлімшелердің әскери қызметшісі сияқты күрделі әскери мамандықтарды меңгеруде. Сонымен қатар әйелдер ерлермен бірге парашютпен секіріп, ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастырып, басқарады және Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету жөніндегі маңызды міндеттерді орындайды.

Әскери мансапты таңдаған қыз-келіншектер үшін кәсіби білім алуға да барлық жағдай жасалған. 2002 жылы Құрлық әскерлерінің әскери институтында алғаш рет «Байланыс» мамандығы бойынша әйел әскери мамандар даярланып шықты. Сол түлектердің көпшілігі бүгінгі күні де әскери қызметін жалғастырып, жоғары офицерлік шендерге, оның ішінде полковник әскери атағына дейін көтерілді.

Әйелдерді әскери мамандықтарға даярлау жұмысы бүгін де жүйелі түрде жалғасып келеді. 2023 жылдан бастап екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты әскери-медициналық факультетке қыздарды қабылдай бастады. Оқуды аяқтаған түлектерге «лейтенант» алғашқы офицерлік атағы беріліп, олар Қазақстан Қарулы күштері қатарында әскери қызметін жалғастырады.

Айта кету керек, қолданыстағы заңнамада әйелдерді мерзімді әскери қызметке міндетті түрде шақыру көзделмеген және қазіргі уақытта мұндай норманы енгізу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.

Қарулы күштермен келісімшарт жасасуға ниет білдірген азаматтар әскери қызметке қабылдану тәртібі, үміткерлерге қойылатын талаптар және қызмет өткеру шарттары туралы толық ақпарат алу үшін тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарына немесе әскери бөлімге жүгіне алады.

Айта кетелік Қарулы күштер тарихында тұңғыш рет киберқауіпсіздік офицерлері түлеп ұшқан еді