Қарулы Күштерімізді жаңғыртып жатырмыз — Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Армияның күш-қуаты жауынгерлік рух пен темірдей тәртіпке тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың Тәуелсіздік алаңында өтіп жатқан әскери парадта  осындай пайым айтты.

Қарулы Күштерімізді жаңғыртып жатырмыз - Президент
Фото: Kazinform

— Еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру — аса маңызды міндет. Біз Қарулы Күштерімізді жаңғырта бастадық, армиямызды күшейту үшін нақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы өте маңызды мәселе бойынша Парламент заң қабылдады. Мемлекет әскери қызметшілерге, арнаулы мекемелер мен азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлеріне әрдайым қолдау көрсетеді. Армиямыздың күш-қуаты жауынгерлік рух пен темірдей тәртіпке тікелей байланысты, — деген Мемлекет басшысы әскерилердің мінсіз қызметі елдегі қауіпсіздік пен тыныштық кепілі екенін еске салды.

Тоқаевтың сөзінше, әр азаматтың бойында Отанға деген адалдық пен әділдік болуы тиіс.

— Біз озық ойлы ұлт ретінде заң мен тәртіпті бәрінен биік қоятын болдық. Әр азаматтың бойында Отанға деген адалдық пен әділдік болуға тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды қалыптастыруда әскери қызметтің маңызы да зор екенін атап өтті.

— Ел қорғау — абыройлы міндет және зор жауапкершілік. Бұл — әр азаматтың перзенттік парызы. Сіздермен бірге барша азаматымыз Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз және Таза Қазақстанды құрып жатыр. Осы тарихи жұмысымыз табысты болсын! Рухымыз мықты, мемлекеттілігіміз мәңгі болсын! Көк Туымыз биікте желбіресін! Қадірлі Отандастар! Ұлы Жеңістің 80 жылдығы құтты болсын, — деді Президент.

Айта кету керек, бүгінгі әскери шеруге 4 мыңнан астам әскери қызметші, 200-ден астам әскери техника, 66 ұшу аппараты тартылған. 

Сондай-ақ, парадта биыл сатып алған су жаңа Airbus А-400 әскери-көлік ұшағы алғаш рет қатысады. Армиялық Ми-17, Ми-171Ш, Ми-35 және көліктік С-295, Ту-154М, Л-410 ұшақтары, Су-30СМ, Су-25 жойығыш ұшақтары, Л-39 оқу-жауынгерлік ұшағының экипаждары шерудің айбынына әуеден айбын қоспақ.

Соңғы жаңалықтар