Қарулы күштер - ел қауіпсіздігінің кепілі
1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Президенті, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» және алғашқы қорғаныс министрі етіп генерал полковник С.Қ. Нұрмағамбетовты тағайындау туралы жарлықтарға қол қойды. Бұл күн Қазақстанның дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні болып қалды.
Осынау ширек ғасырда Қазақстан Қарулы күштерінің жаңа бейнесі қалыптасты. Саны аз болса да, кәсіби біліктілігі жоғары, жинақы, замандық қару-жарақпен, жаңа әскери техникалармен жарақтандырылған армия құрылды.
Дәл сол күні қос мерекенің құрметіне Алматыда да салтанатты шара өтті. Дәстүр бойынша 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында өткен шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, әскери қызметкерлер, курсанттар, болашақ жауынгерлер жиналды.
Жиында қала әкімі Бауыржан Байбек құттықтау сөз айтып, Қазақстан армиясының жыл санап қуаты арта түскенін, оның жаңа әскери қарулармен және әскери техникамен қамтамасыз етілгенін, әскери кадрлар біліктілігінің артқандығын, олардың әлеуметтік мәселелерінің шешіліп жатқанын ерекше атап өтті.
- Біз осыдан 25 жыл бұрын Алматыда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Қарулы күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойғанын және әскерилерімізді мақтан етеміз. Мен ерліктері ғасырларға жалғасатын ардагерлерімізге айрықша алғыс айтамын. Біздің жастарымыз 20-ға толмаған аталарымыз бен әкелеріміздің туған жерін жаудан қорғау үшін майданға аттанғанын үнемі естерінде сақтаулары тиіс. Өмірге құштар өрім жастар кезінде дәрігер, мұғалім, ғалым болуды, отбасын құруды армандаған еді. Өкінішке орай, олардың басым көпшілігі майданнан қайтпады, армандары орта жолда үзілді. Міне, біз Отаны үшін жанын қиғандардың арқасында зор жетістіктерге жеткен ұлы елде өмір сүрудеміз, - деді Бауыржан Байбек.
Сонымен қатар, Алматы қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы, генерал-майор Николай Қуатов еліміздің Қорғаныс күштерінің қысқа мерзім ішінде орасан жолдан өтіп, нық қадам басқанын, мемлекеттің біртұтастығы мен қауіпсіздігінің өміршең институтына айналғандығын айтты.
Салтанатты шарада десантшылар өздерінің шеберліктерін көрсетсе, ҚР Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің дефилесі көпшіліктің көңілінен шықты. Соңында жиналған жұртшылыққа Астананың «Қазақ елі» алаңында өтіп жатқан ел тарихындағы ең ауқымды әскери шеруден тікелей видео-трансляция көрсетілді.
Жеңіс күнінің 72 жылдығы, Отан қорғаушылар күні мен ҚР Қорғаныс күштерінің 25 жылдығына арналған ауқымды шаралар Алматының 8 ауданында да атап өтілді. Оған еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгілердің бәрі жиналып, мерекенің мәнін аша түсті.