Кәріз желілері қарыз және кредит есебінен жаңартылады – министр
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық жоба аясында 45 қалада кәріз тазарту құрылғысы жаңғыртылып, 2800 шақырым су бұру және 5 мың шақырым су құбыры желісі жаңартылады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті.

- «Коммуналдық және энергетика секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 45 қалада кәріз тазарту құрылғысы жаңғыртылып, 2800 шақырым су бұру және 5 мың шақырым су құбыры желісі жаңартылады. Кәріз желілерін жаңарту халықаралық қаржы институттарының қарыздары, облигациялық қарыздар, республикалық бюджет және бюджеттік кредиттеу сияқты түрлі қаржыландыру көзі есебінен жоспарланып отыр, - деді Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында.
Осы орайда министр су тарифінің өсуіне жол бермеу үшін қолданыстағы кәріз желілерін жаңғырту қажет деп отыр.
- Сондай-ақ экологиялық қауіпсіздікті басшылыққа ала отырып, кәріз жүйелерін жаңарту жұмыстары ең алдымен елді мекендерде жүргізіледі. Қазір тазарту нысандарын жобалау, салу және пайдалану тәсілдері қайта қаралып, жобаларға ревизия жүргізіліп жатыр. Олардың тиімділігін арттыру үшін техникалық оператор институты енгізілді. Техникалық оператор жобалардың барлық кезеңін қадағалап, қазақстандық өнімді қолдану талаптарын ескереді. Бұл шаралар жобадағы қателіктерді азайтып, шығынның артуы мен мерзімнің кешігуіне жол бермейді, - деп толықтырды ведомство басшысы.
Айта кетейік, 2027 жылға дейін су есептеу жүйесін толық цифрландыру жоспарланып отыр.
Елімізде ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр.