Қаржы министрі Джей Лоның концертінен түсетін табыс туралы: кассаны қаншаға ұрғанын қарап отырмыз
АСТАНА. KAZINFORM — Жақында еліміздің екі қаласында концерт берген америкалық әнші Дженнифер Лопес қазынаға қанша қаржы әкелді. Бұл сауалды Үкімет мүшелеріне қойған едік.

— Жалпы тиімді, Джей Ло концертіне көрші мемлекеттерден туристер келеді. Астанада өткен концертке 5 мыңға жуық турист келді, Алматыда өткен концертке 7 мыңға жуық турист келді. Олардың бәрі қонақүйге, мейрамханаға барады, қаланы аралайды. Біз санағанда бір турист кемінде 1 мың доллар қалдырып кетеді, — деді Мәди Такиев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің мәлімдеуінше, бұл экономика үшін тиімді.
— Салыққа келсек, біз әлі санаған жоқпыз. Салықтың уақыты әлі келген жоқ, бірақ, сырттай бақыладық, қандай қонақүйде ненің бағасы көтерілді, мейрамханалардың бағасы қаншаға көтерілді, кассаны қаншаға ұрғанын қарап отырмыз. Декларацияны қалай тапсырады сол кезде көреміз, — дейді ол.
Әлемдік жұлдыздың елімізде өткен концертінен түсетін табысқа қатысты Премьер-министрдің орынбасары -Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин де пікір білдірді.
— Концертті ұйымдастырушымен сөйлестім, ол 400 млн теңге түседі деп жариялады. Бірақ, салық декларациясын тапсыру мерзімі 25 қарашаға дейін, содан кейін 25 күннің ішінде төлеуі керек. Жоспар 400 млн теңге, — деп толықтырды вице-премьер.
Еске салсақ, «Астана концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов америкалық актриса және әнші Дженнифер Лопестің Астанада өтетін концертінен 400 млн теңге экономикалық пайда түсетінін мәлімдеген еді.