Қаржы министрлігі алақанмен төлем жасау жүйесін енгізе ме

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов Қазақстанда адамның алақаны арқылы төлем жасау жүйесін енгізу қаншалықты қауіпсіз екенін айтты.

Алақанмен төлем
Фото: hightech.fm

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында елдегі банктердің бірінің алақанмен төлем жасау жүйесін енгізуіне қатысты сұрақ қойылды.

- Бұл жүйе қаншалықты қауіпсіз? Мемлекеттік органдар да төлемнің осы жүйесін енгізуді жоспарлап отыр ма? - деп сұрады тілшілер. 

Вице-министр қазір елдегі банктерді цифрландыру деңгейі өте жоңғары екенін айтты. 

- Бұл бағыттағы жаңа тетіктерді ҚР Ұлттық банкі үнемі қадағалап отыратыны белгілі. Кез келген осындай техникалық жаңа тетіктер ақпараттық қауіпсіздік талаптары қамтылған тиісті заңға сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылады. Менің ойымша, бұл жаңа тетік сынақтан өтіп, тыңғылықты тексеріледі. Сондықтан заңнама аясында бұл жаңа тетіктер заңға сәйкес болуын қамтамасыз ету үшін барлық рәсімдерден өтуі қажет, - деді Ә. Тұрысов. 

Сонымен қатар ол мемлекеттік органдарда осы технологияны енгізу жоспары қарастырылмағынын айтты. 

- Қаржы министрлігі мұны әлі қарастырмады. Бірақ алдағы уақытта оның тиімділігін және оның барлық талаптарға сай келетінін көрсек, жаңа жүйені қолдану мүмкіндігі пысықталуы ықтимал. Әзірге, бұл шешім Қаржы министрлігінде қарастырылған жоқ, - деді вице-министр. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Астана қаласындағы №113 жалпы орта «Келешек» мектебінде инновациялық биометриялық жүйе іске қосылды. Бұл — оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оқу процесін тиімді ұйымдастыру мақсатында енгізілген жаңа технологияның бір түрі. «Alaqan» жүйесі мектепке кіру, шығу және асханаға кіруді бақылаудың жаңа тәсілі ретінде құрылды. Бұл жүйе оқушылардың алақандарын сканерлеу арқылы жұмыс істейді. Әр оқушының алақан сипаты арнайы цифрлық жүйеге тіркеледі, және олар мектепке кіріп-шығу кезінде немесе асханаға кіргенде, тек алақандары арқылы ғана тіркеліп өтеді.

Соңғы жаңалықтар