Қаржы министрлігі бизнеске арналған жаңа онлайн сервисті іске қосты
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы министрлігі «Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті» порталында «Дара кәсіпкердің қызметін тоқтату» жаңа сервисін, сондай-ақ ЖШС жеңілдетілген тәртіппен тарату жөніндегі электронды қызметті іске қосты.
Бұдан былай кәсіпкерлер мемлекеттік органдарға бармай-ақ және түрлі ақпараттық жүйелерге ауыспай ЖК жауып, сол секілді ЖШС толығымен электронды форматта таратуға өтініш бере алады. Аталған функция бизнеске арналған «бір терезе» қағидатын дамытудағы кезекті қадамның бірі.
КБЖК — кәсіпкерлерге Қаржы министрлігінің негізгі цифрлы сервистеріне жол ашатын біртұтас мемлекеттік портал. Платформа арқылы пайдаланушылар хабарлама алып, салық қызметтерін қолданып, сондай-ақаналитикалық құралдармен жұмыс істеп, контрагенттерменөзара әрекеттесіп, ЖИ-көмекшісінің кеңесін ала алады.
Бұған дейін ЖК қызметін тоқтату немесе ЖШС тарату рәсімі тиісті органдарға тікелей жүгініп, құжаттар пакетін дайындауды талап ететін. Енді барлық процесс — өтініш беруден бастап нәтижеге дейін бірыңғай кабинетте онлайн режімде қолжетімді.
Айталық, жеке кәсіпкерлер мемлекеттік кірістер органдарына бармай-ақ бірнеше қадам жасап, өтініш беру арқылы қызметтерін тоқтата алады. Ал ЖШС үшін кәсіпті тарату тетігі жеке кабинетте мәртебені қадағалау мүмкіндігімен жеңілдетілген тәртіпке сәйкес өтініш беру жолы қарастырылған.
Бұл сервистің іске қосылуы ЖК тоқтату мен ЖШС таратудың қолданыстағы тәртібін өзгертпейтінін айта кеткен орынды. Барлық рәсім бұрынғыдай еліміздің салық заңнамасымен реттеледі. Тың функция цифрлы өзара іс-қимыл арқылы процесті жайлы, қолжетімді және ашық етеді.
Осы қызметті іске қосу кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бірінші кезеңде сервис жеке кәсіпкерлерге, резидент заңды тұлғаларға және олардың филиалдарына (резидент заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелеріне) қолжетімді болады. Болашақта сервистіжеке практикамен айналысатын тұлғалар, бірлескен жеке кәсіпкерлікке қатысушылар, сондай-ақ бірігіп қайта құрылымдаудан өтіп жатқан заңды тұлғалар пайдалана алады.
ЖК үшін өтініш беруден бастап түпкілікті нәтижені алғанға дейінгі барлық процесс автоматты түрде жүзеге асырылады. ЖШС үшін қызмет ішінара автоматтандырылған, алайда екі жағдайда да қажетті рәсім Қаржы министрлігінің сервистері тарапынан толықтай электронды форматта орындалады.
ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, КБЖК бизнеске бағытталған біртұтас цифрлы экожүйе ретінде бірізді түрде дамып келеді. Мұнда кәсіпкерлерге мемлекеттік қызметтер жайлы онлайн-форматта көрсетіледі.
— Біз жеке кабинеттің мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастырамыз. Осы арқылы бизнес көптеген мәселені қашықтан шешетін болады. Цифрлы сервис ЖК қызметін тоқтатудан бастап ЖШС таратуға дейінгі процесті тез, ыңғайлы және қажетсіз әкімшілік кедергілерсіз өтуге мүмкіндік береді, — деді Әсет Нұрланұлы.
Тың тетіктің тиімділігі:
• ЖК қызметін тоқтату немесе ЖШС онлайн режімде таратуға өтініш беру;
• түрлі мемлекеттік органдар мен ақпараттық жүйелерге жүгінуден арылу;
• өтінішті рәсімдеудің қарапайым және түсінікті тәртібі;
• жеке кабинетте өз мәртебеңді бақылау мүмкіндігі;
• КБЖК бірыңғай аккаунты арқылы қызметтерді алу.
Қызметті қалай пайдалануға болады?
• ЭЦҚ және СМС-код көмегімен порталға кіру.
• Қажет болған жағдайда «Профиль» бөлімінде ЖК немесе заңды тұлғаның рөлін таңдау.
• Қызметті тоқтату немесе тарату туралы өтініш беру сервисіне өту.
• Қажетті мәліметтерді толтыру.
• Өтінішке электронды цифрлы қолтаңбамен қол қою.
• Жеке кабинетте өтініштің қаралуын қадағалау.