Қаржы министрлігі салық борышкерлерінің тізімін жарияламақ

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Салық кодексінде бизнестің салық берешектерін өндіру шаралары көзделген. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысынан кейін Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлім етті. 

Қаржы министрлігі салық борышкерлерінің тізімін жарияламақ
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

— Салық кодексіне сәйкес, салық берешегі салықтық құпияға жатпайды. Салық төлемей жүрген борышкерлердің тізімін жариялаймыз. Тізімді сайтымызға орналастыра аламыз, — деді ол.

Оның атап өтуінше, енді салық органдары бизнестің болмашы салық сомасы үшін бүкіл қызметіне тосқауыл қоймайды. Әдіс өзгереді.

— Бұрынырақ зейнетақы не әлеуметтік төлемдер бойынша 100 теңге борыш болған жағдайда есепшот бұғатталатын. Қазір салық бойынша шекті 20 АЕК-тен жоғары, бұл шамамен 80 мың теңге, қайта қарадық. Оған дейін жай ғана хабарландыру жіберіледі. Борышыңыз бар екенін, сізге өсімпұл есептелетінін ескертеміз. Келесі қадам - 20-дан 45 АЕК-ке дейін, 180 мың теңгеге дейін біз инкассациялық өкім банкіңізге қойылатынын, салықты төлеу қажеттігін айтамыз. Егер ол аталған соманы төлемесе, онда мүлікті тізімге алу және оны сату жүзеге асырылады. Санкция салық мөлшеріне қарай қолданылады. Болмашы сомаға бола банктік есепшот бұғатталмайды, — деді Ержан Біржанов.

Айта кетейік, бүгін Премьер-министрдің орынбасары Мәжілістің жалпы отырысында Салық кодексінің жобасындағы соңғы өзгерістерді атады.

 

Соңғы жаңалықтар