Қаржы нарығындағы алаяқтыққа қарсы іс-қимыл тетіктері күшейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банктің қаулысы жобасын қабылдау қаржы нарығындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға және алаяқтыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін күшейтуге бағытталған. Аталған жоба «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға жарияланды. 

Қаржы нарығындағы алаяқтыққа қарсы іс-қимыл тетіктері күшейтіледі
Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Жоба алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы күресті күшейту мақсатында әзірленді. 

Құжат күшіне енген жағдайда, Ұлттық банктің Антифрод-орталығы қатысушыларының құрамы кеңейтіліп, деректер алмасу тиімділігі артады. Бұл күмәнді және алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларын ертерек анықтауға, оларды бұғаттау және тәуекелдерді басқару шараларын жедел қабылдауға мүмкіндік береді. 

Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алғанда, азаматтардың қаржы қаражатының сақталу деңгейі жоғарылап, қаржы ұйымдарына деген сенім нығаяды. Сонымен қатар қаржы нарығындағы шығындардың қысқаруы мен алаяқтық операциялар санының төмендеуі күтіледі. Бұл өз кезегінде цифрлық қаржы қызметтерін қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Құқықтық тұрғыда жоба ұлттық заңнаманы, соның ішінде «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңға енгізілген өзгерістермен сәйкестендіруге бағытталған. Нәтижесінде төлем ұйымдары, банктер және байланыс операторлары арасындағы өзара іс-қимылдың бірыңғай әрі нақты регламенті қалыптасады.

Жалпы алғанда, құжатты қабылдау қаржы нарығындағы ашықтықты арттырып, алаяқтық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. 

Бұған дейін Ұлттық банк цифрлық теңгені реттеу қағидаларының жобасын жариялады.

Сонымен қатар 1 қаңтардағы жағдай бойынша Антифрод-орталық алаяқтық белгісі бар 80 871 транзакцияны, сондай-ақ есірткі саудасы мен заңсыз ойын бизнесіне және қаржы пирамидасына қатысты 19 810-ға жуық оқиғаны тіркегенін жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум