Қаржы орталығы дегеніміз не және оның көмегімен елге қанша ақша тартуға болады

қаржы
Фото: АХҚО

АСТАНА. KAZINFORM - «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) арқылы тартылған инвестициялар көлемі 11,9 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл инвестицияның 4,8 млрд-ы Astana International Exchange (AIX) биржасы және 7,05 млрд-ы АХҚО-ның қатысушы-компаниялары арқылы тартылды. Халықаралық қаржы орталықтары қандай пайда әкеледі, бұл не және қандай функциялар орындайды, осы сұрақтарға АХҚО әкімшілігінің Қатысушыларды қолдау және тарту департаментінің директоры Жанна Диярова жауап берді.

Халықаралық қаржы орталығы дегеніміз не

Халықаралық қаржы орталықтары (АХҚО) – әлемдік ақша ағындары мен қаржы активтерін басқару жүзеге асырылатын әртүрлі елдер мен өңірлерден капитал тарту орталықтары.

«Қарапайым тілмен айтқанда, қаржы орталығы дегеніміз – қала немесе қаланың не тұтас бір өңірдің бүкіл іскерлік ауданының аумағы, мұнда қаржы нарығының ірі қатысушыларының басым бөлігі: әлемдік банктер, сақтандыру және брокерлік компаниялар, валюталық және қор биржалары, мемлекеттік қаржылық реттеу органдары, халықаралық валюталық, кредиттік, инвестициялық және басқа да қаржылық операцияларды жүзеге асыратын арнайы қаржы институттары шоғырланған аумақ», – деді Жанна Диярова.

Қаржы орталықтарының жаһандық рейтингінің GFCI 35 (Global Financial Centers Index) соңғы басылымында бірінші орынды Нью-Йорк алады. Бұл ірі халықаралық қаржы орталығында АҚШ-тың әйгілі қаржы ұйымдарының: Citigroup, J. P. Morgan Chase & Co., American International Group, Goldman Sachs Group, Morgan Stanley, Merrill Lynch және т.б. штаб-пәтерлері шоғырланған. Нью-Йоркте әлемдегі ең ірі екі қор биржасы: NYSE Нью-Йорк қор биржасы және NASDAQ орналасқан. Ұжымдық инвестицияларды басқару бойынша әлемде Нью-Йоркке тең келетін жер жоқ.  

қаржы
Фото: АХҚО

2-орында Лондон, мұнда халықаралық қаржылық операциялардың үштен бірі жүзеге асады. Бұл шетел валютасы сауда-саттығының ең ірі орталығы. Лондонда әлемдегі ең көне және ең беделді орталық банктердің бірі Англия Банкі орналасқан. Лондон қор биржасы әлемдегі жетекші қор биржаларының бестігіне кіреді. Сондай-ақ қалада әлемдегі ең ірі банк секторларының бірі, сондай-ақ бағалы металдар саудасы нарығы орналасқан.

Әлемдегі тағы бір ірі қаржы орталығы – Сингапур. Стратегиялық орналасуының арқасында Сингапур Азия-Тынық мұхиты арқылы өтетін ірі сауда ағындарын қаржыландыруда шешуші рөл атқарады. Сондықтан Сингапурда сауданы қаржыландыру нарығы, тауар-шикізат нарықтарындағы операциялар дамыған. Бұдан басқа, қолайлы салық режимі мен сенімді реттеу жүйесінің арқасында Сингапур жеке тұлғалар мен корпорациялардың активтерін басқару саласындағы ең ірі азиялық хаб саналады.

Қаржы орталықтары не үшін қажет

Халықаралық қаржы орталықтарының негізгі функциясы – қаржылық капиталды жинақтаушылардан қарыз алушыларға тиімді қайта бөлу. Басқаша айтқанда, ХҚО экожүйесін құрайтын институттар резиденттер мен бейрезиденттер арасында делдал болып, ішкі жинақтарды шетелдік қарыз алушыларға, ал шетелдік жинақтарды – ішкі қарыз алушыларға бағыттайды. 

қаржы
Фото: АХҚО

Осылайша, қаржы орталықтары капиталдың қолжетімділігін және қаржы құралдарының алуандығын жақсарта отырып, халықаралық қаржы жүйесінде шешуші рөл атқарады. Нәтижесінде елдердің экономикаларына инвестициялар ұлғаяды, бұл, өз кезегінде, жұмыс орындарын құруға және экономикалық өсуге ықпал етеді.

Қаржы орталықтары жаңа қарыздар түсімдері мен шетелдік инвестицияларды қажет ететін перспективалы жобаларды қаржыландыруға арналған платформаны қамтамасыз етеді. ХҚО инвестициялық портфельді басқару, сондай-ақ сақтандыру, деривативтер және басқа да құралдар арқылы тәуекелдерді басқару және азайту қызметтерін ұсына отырып, активтерді басқару компанияларына арналған орталық ретінде әрекет етеді.

Жанна Диярова елдің қаржы инфрақұрылымының даму деңгейі, қаржы құралдарының кең спектрі, халықаралық инвесторлар мен компаниялардың сеніміне ықпал ететін қолайлы құқықтық және реттеуші режимдер, сондай-ақ адами капитал, ақпарат алмасудың және байланыс құралдарының заманауи және тиімді технологиялары – халықаралық қаржы орталығының тиімді қызметінің көрсеткіштері екенін түсіндірді.

Ел экономикасындағы қаржы орталықтарының рөлі

Қаржы орталықтары әлемнің түкпір-түкпірінен қаржы капиталының ағынын қамтамасыз ету арқылы ұлттық, өңірлік экономика үшін экономикалық дамудың драйверлері саналады. Болашақта бизнес-мәмілелер жасауға және түрлі қаржылық операцияларды жүргізуге тартылатын нарықтың жаңа қатысушыларын тарту орталығы ретінде қызмет етеді.

«Қаржы орталықтарының қатысушы-компанияларының, әсіресе ірі отандық және шетелдік ұзақ мерзімді институционалдық инвесторлардың санының артуы, құралдар спектрінің кеңеюі, сауда-саттық көлемі пен эмитенттер санының өсуі елдің қаржы нарығының сыртқы жағымсыз әсерлерге ұшырауын азайтуға көмектеседі. Қаржы орталықтары инвестициялық ахуалды жақсартады, экономикаға салық түсімдерін арттырады және халықтың жұмыспен қамтылуы өсуіне ықпал етеді», — деп түсіндірді сарапшы.

Жалпы, әлемдегі тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) көлемі азайып келеді, оларды тарту қиындай түсуде. Бүгінгі күнгі геосаяси жағдай Қазақстан үшін ықтимал қауіп те төндіре алады, сондай-ақ мүмкіндіктер де туғызады. Капитал нарықтарын оқшауландыру үрдісі қарқын алуда.

«АХҚО шетелдік инвесторларға сенімді құқықтық базаны, дауларды шешудің тәуелсіз жүйесін, дамыған қаржылық инфрақұрылымды ұсыну арқылы еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді», – деп түсіндірді сарапшы.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы дегеніміз не

2015 жылы Қазақстан астанасында қаржы саласында ерекше құқықтық режимі бар «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) құрылды. 2018 жылы, қаржы орталығының заңнамалық базасын қалыптастыру аяқталған кезде АХҚО ресми түрде ашылды. АХҚО юрисдикциясы орталықтың аумағын және Астана қаласы аудандарының бір бөлігін қамтиды.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының орналасу сызбасы

қаржы
Фото: АХҚО

*«Астана» халықаралық қаржы орталығы аумағының шекарасын айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес.

Қаржы орталығында АХҚО органдары, АХҚО қатысушы-компаниялары мен олардың қызметкерлері арасындағы қатынастарды реттейтін ерекше құқықтық режим әрекет етеді. Бұл құқықтық режим «АХҚО туралы» Конституциялық заңды, жалпы құқық қағидаттарына, нормалары мен прецеденттеріне және жетекші әлемдік қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген АХҚО актілерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құқығын қамтиды.

Осылайша, посткеңестік кеңістікте жалпы немесе прецеденттік құқық қағидаттарына негізделген, әлемдік қаржы орталықтарының үздік практикасын сіңірген бірегей құқықтық және реттеуші режим құрылды. Нью-Йорк, Лондон, Гонконг және Сингапур сияқты әлемдегі көптеген табысты қаржы орталықтарының заңнамалық базасы прецеденттік ағылшын құқығына негізделген. Дубай, Абу-Даби және Катардың қарқынды дамып келе жатқан халықаралық қаржы орталықтары да ағылшын құқығын құқық жүйесі ретінде таңдады.

«АХҚО-да әрекет ететін құқықтық жүйені таңдау кезінде инвесторларға ыңғайлы әрі түсінікті құқықтық режим құру үшін халықаралық қаржы орталықтарының әлемдік практикасы мен стандарттары басшылыққа алынды. Яғни, АХҚО құқығы қаржы орталықтарының әлемдік тенденцияларына сай келеді және халықаралық инвесторларға түсінікті әрі таныс нормалар мен қағидалардың жиынтығы саналады. Бұл Қазақстанға капитал тартуға жәрдемдесу үшін қолайлы ортаны қамтамасыз етеді», – деп атап өтті сарапшы.

АХҚО немен айналысады

Қазақстанда елге инвестиция тарту міндеті бойынша бірнеше институт жұмыс істейді: Kazakh Invest, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Бәйтерек» ҰБХ, Kazakhstan Investment Development Fund, ҚР СІМ Инвестициялар комитеті, Qazaqstan Investment Corporation. Олар инвестицияларды тартудың «алғы шебінде», инвесторларды елдің инвестициялық әлеуетімен таныстырып, нақты жобаларға бағыттайды.

АХҚО осы инвестициялардың «қонуына» арналған алаң ретінде әрекет етеді. Шетелдік компания Қазақстанда қандай да бір жобаға инвестиция салу туралы шешім қабылдаған кезде, әдетте, мұндай мәмілені құқықтық құрылымдау үшін АХҚО юрисдикциясы пайдаланылады. АХҚО арнайы жасалған жағдайлардың: үздік халықаралық стандарттар негізіндегі реттеу, дамыған қаржы инфрақұрылымы, тәуелсіз сот жүйесі, инновациялар мен сараптама арқасында бизнес пен ел экономикасына капитал тартуға көмектеседі. Мәселен, АХҚО-да реттеу және инвесторларды қорғау бөлігінде Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитет (AFSA) жұмыс істейді. АХҚО соты және Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) коммерциялық дауларды шешудің сенімді тетігін қамтамасыз етеді. 

қаржы
Фото: АХҚО

Инфрақұрылымға келетін болсақ, АХҚО инвесторлар мен жобалар арасында байланыс орнатады, AIX биржасы арқылы бағалы қағаздардың жария нарығының жұмысын қамтамасыз етеді, қаржы құралдарының кең спектріне қолжетімділік береді. Сондай-ақ компанияларға қолайлы жағдайлар: салықтық жеңілдіктер, Қазақстан үшін жаңа ұйымдық-құқықтық нысандар аясында компания ашу мүмкіндігі, жеңілдетілген еңбек және визалық режимдер ұсынады.

АХҚО Қазақстанның қаржы нарығында бұрын қолжетімсіз болып келген жаңа өнімдер мен қызметтерді жасап, дамытады, олар: криптобиржалар мен цифрлық активтер саудасының қызметі, краудфандинг, жасыл қаржыландыру, жасыл инвестициялық жобаларды сертификаттық бағалау. Шетелдік қызметкерлерге арналған және «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Экспат орталық ашылды, бөлшек инвесторларына арналған «Tabys» мобильді қосымшасы әзірленді.

Жанна Диярова АХҚО арқылы ел экономикасына 11,9 млрд АҚШ доллары, оның ішінде AIX биржасы арқылы 4,8 млрд және орталық қатысушыларынан 7,05 млрд инвестиция тартылғанын атап өтті. Бүгінде АХҚО-да әлемнің 78 елінен 2 800-ден астам компания тіркелген. Орталық қызметінің барлық кезеңінде компаниялар ел бюджетіне 97 млрд теңге салық төледі (2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша).

АХҚО өзінің білім беру бағдарламалары мен қаржы саласындағы корпоративтік оқыту бағдарламалары шеңберінде 18 000-нан астам маман оқытты. Сот пен Халықаралық төрелік орталығы 2600-ден астам шешім шығарды. GFCI 35 рейтингіне сәйкес АХҚО Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағындағы қаржы орталықтары арасында 1-ші орында тұр. Жалпы рейтингте Астана қаржы орталығы ретінде 66-орында.

«АХҚО-да түрлі қызметтерді ұсыну және бизнесті жүргізу үшін жасалған жағдайлар Астана қаласының Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы жетекші қаржы орталығы ретінде қалыптасуына және танылуына ықпал етті», – деп сарапшы өз сөзін қорытындылады.

Соңғы жаңалықтар