Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қаржы пирамидасын құрған Орал қаласының екі тұрғыны 5 жылға сотталды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті Imrat Group қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.

Әскерде зорлық көрдім деп өтірік айтып, ақша жинаған жігіт сотталды
Фото: Polisia.kz

Департаменттен мәлім еткеніндей, тергеу барысында Орал қаласының екі тұрғыны алдын ала сөз байласу арқылы облыс аумағында 2024 жылғы қазаннан 2025 жылғы маусымға дейін Imrat Group қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің қызметін ұйымдастырғаны анықталды.

Күдіктілер кеңселер, әлеуметтік желілер, Telegram мессенджері арқылы белсенді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, сондай-ақ азаматтарды жоғары табыс әкелетін жобаларға ақша қаражатын салуға үгіттеу мақсатында таныстырылымдар мен конференциялар өткізген.

Қызметке заңды сипат беру мақсатында кеңсе үй-жайлары жалға алынып, жарнамалық материалдар дайындалған және бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылған.

Тергеу барысында Imrat Group қызметінің қаржы пирамидасы қағидаты бойынша құрылғаны анықталды. Яғни, бір қатысушыға сыйақы төлеу нақты кәсіпкерлік қызмет жүргізбестен, тек жаңа қатысушылардың салымы есебінен жүзеге асырылған.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, заңсыз схемаға ондаған азамат тартылған. Салымшылардың басым бөлігі зейнеткерлер мен 25 жасқа дейінгі жастар болған. Қаржы пирамидасына тартылған қаржының жалпы сомасы 89,7 млн теңгеден асқан.

Тергеу барысында салымшылардың қаражаты қолма-қол және қолма-қол ақшасыз тәсілдермен қабылданғаны анықталды. Кейін олардың бір бөлігі қатысушылар арасында реферальдық төлемдер түрінде қайта бөлініп, сондай-ақ криптовалютаға айырбасталған.

- Бұдан бөлек, қаржы пирамидасын кеңінен тарату мақсатында әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарда орналастырылған жарнамалық бейнероликтер пайдаланылған. Жарнаманың таралуы нәтижесінде қаржы пирамидасының қызметіне қосымша азаматтар тартылып, оларға елеулі материалдық залал келтірілген. Соттың айыптау үкімі шығарылып, кінәлі тұлғалар 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Азаматтық талап 60 млн теңгеден астам сомаға қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 56 млн теңге бюджет қаржысын жымқырған мердігерлер сотталғанын жазған едік.