Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қаржыландыру қиылды ма: Алматыда әйелдердің хоккей клубы төңірегінде дау туындады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда «Айсұлу» әйелдер хоккей клубының төңірегінде дау туындады.

Қаржыландыру қиылды ма: Алматыда әйелдердің хоккей клубы төңірегінде дау туындады
Фото: ҰОК

Клуб капитаны Мадина Тұрсынова Алматы әкімінің атына бейнеүндеу жасады. Оның айтуынша, халықаралық деңгейде көптеген жетістіктері бар «Айсұлу» клубы биыл мемлекеттік қаржыландырудан толықтай қағылған. Сондай-ақ ол қалалық спорт басқармасы команданы «Олимпик» мұз айдынындағы бөлмесінен шығарып жіберуге тырысып жатқанын айтты.

— Біреулер үшін бұл жай ғана қабырға немесе жертөледегі жай ғана бөлме болып көрінуі мүмкін, ал біз үшін бұл — өміріміздің үлкен бір бөлігі өткен, командалық рухымыз шыңдалып, жеңістеріміз шыңдалған шынайы қара шаңырағымыз. Бізге Алматыда жаңадан ашылып жатқан клубқа ауысу ұсынылды. Командамыздағы барлық қыздардың атынан айтарым: біз оған ауысқымыз келмейді, өйткені ол жерде «Айсұлу» бізге жылдар бойы беріп келген болашақ пен мүмкіндіктер жоқ, — деп жазды Мадина Тұрсынова.

Аталған жазбаға және «Айсұлу» клуб төңірегінде туындаған дауға қатысты Алматы қаласының спорт басқармасы түсініктеме берді. Ведомство жауабына сәйкес, «Айсұлу» әйелдер хоккей клубы — жекеменшік кәсіби клуб. Кәсіби спорт клубтарын қаржыландыру ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес тек конкурстық негізде жүзеге асырылады. Биыл мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша бюджеттік қаржыландыруға өзге клуб ие болған.

Сонымен қатар ведомство «Алматы қаласының спорт ғимараттары дирекциясы» ЖШС ұсынған ақпаратқа сәйкес, «Айсұлу» әйелдер хоккей клубы» ЖШС-нің Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы мен Орталық стадион нысандарын пайдалану бойынша 38 миллион теңге берешегі бар екенін атап өтті. Бірақ спорт басқармасы клубты Olympic Arena мұз сарайынан шығару әрекеті болмағанын және бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

— Жалған мәліметтерді таратқаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Шындыққы жанаспайтын ақпарат әрі қарай таратылған жағдайда Алматы қаласының Спорт басқармасы құзыретті органдарға тиісті арызбен жүгіну құқығын өзіне қалдырады, — деп хабарлады басқармадан.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда ерекше балаларға арналған «Пионер» курортының төңірегінде дау туындады.