Қаржылық сауаттылықты неден бастау керек — ментор кеңесі
АСТАНА. KAZINFORM — Ментордың мәлімдеуінше, жеке шығынын есептеп жүретін адам қарызға ұрынбайды.

— Қаржылық сауаттылықты — отбасыдан бастау керек. Ол күнделікті тіршіліктегі азық-түлік, коммуналдық, киім-кешек, байланыс тағы басқа отбасылық шығындарды басқарудан бастаған жөн. Өз шығынын есептеп жүретін адам қарызға ұрынбайды. Кейбір қаржылық сауаттылығын арттыруға келген азаматтар айтып жатады, айлығымыз жоғары болса, қарызға кірмес едік дейді. Ал енді шығындарын есептеп, талдағанда қажетті шығынның көбі байқалады, — деді «Қарызсыз қоғам» жобасының Астана қаласы бойынша менторы Дулат Мыңбаев Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ халық арасында қаржылық сауаттылық курсын өткізіп жүрген ментор отбасылық шығын мәселесі бойынша нақты мысал келтірді.
— 2023 жылы «Қарызсыз қоғам» жобасы басталғанда мен Түркістан облысында болып, қаржылық сауаттылық бойынша дәрістер өткіздім. Сабақта отбасылық шығындарды жазып бастағанда бірінші кезекте той-думан тұр, яғни азаматтар той-томалақ деп көрсеткен. Ал солтүстік өңірлерде шығын көбіне азық-түлік, коммуналдық төлем тағы сол сияқты. Сондықтан артық шығынды қысқартып, әр шығынды басқара білген абзал, — деген кеңес берді маман.
Айта кетсек, бүгінде 1,6 миллионнан аса қазақстандық 90 күннен асқан несиесін өтей алмай жүр.
Еске салайық, Мемлекет басшысы биыл Жолдауында халықтың қаржылық сауатын арттыру және қарыз жүктемесін төмендету мәселесіне айрықша тоқталды және «Қарызсыз қоғам» жобасын жалғастырудың маңызын атап өтті.
Осы орайда елімізде мектеп қабырғасынан бастап қаржылық сауаттылықты арттыру идеясы алға тартылды.