Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қаржы бақылау инспекциясы БҚО-да 206 миллионнан астам теңгеге қаржы бұзушылықты анықтады

ОРАЛ. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО бойынша қаржы бақылау инспекциясы биылғы жеті айда 232 нысанға тексеру жүргізіп, 206 миллионнан астам теңгеге қаржы бұзушылықты анықтады.

Қаржы бақылау инспекциясы БҚО-да 206 миллионнан астам теңгеге қаржы бұзушылықты анықтады

Инспекция бастығының орынбасары Мереке Көбейсіновтің ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын 11 мемлекеттік мекеме, жергілікті қазынаға қатысты 168 мекеме, 53 шаруашылық нысаны тексерілген. Қаржы бұзушылықтың негізін бюджет қаржысын негізсіз пайдалану (179962,2 мың теңге) құрайды. Қаржы мен материалдық құндылықтардың жетіспеушілігі де (3124,1 мың теңге) «қалқып» шықты. Бюджетке түсім бойынша қаржы бұзушылық мөлшері 22964,1 мың теңгені құрады. Қаржы бұзушылықтың 95,5 пайызы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мекемелерге тиесілі.

Сонымен қатар 769166,8 мың теңгеге мемлекеттік сатып алу заңдылығын бұзушылық, 367832,5 мың теңгеге бюджет пен қаржы есебін жүргізу ережесін бұзушылық анықталған.

Алынған шаралар нәтижесінде 117321,7 мың теңге бюджетке қайтарылуы тиіс болса, 82354,3 мың теңге өндірілген. Құқық қорғау органдарына 498278,4 мың теңге қаржы бұзушылықты құрайтын 157 материал жіберілді. 26 лауазымды қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мұндағы қаржы көлемі 3638,7 мың теңгені құрады. Бюджетке 1967,7 мың теңге түсті.

Тәртіптік жауапкершілікке 137 қызметкер тартылып, екеуі қызметінен босатылды. Соттарға 15 талапарыз жолданса, соның екеуі қанағаттандырылды, қалғаны қаралу үстінде.