Қаржы пирамидасын ұйымдастырған 138 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде 180-нен астам қаржылық инвестициялық компаниялар мен фирмалардың қызметі тоқтады. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Қабылданған іс-шаралардың, оның ішінде сайттарды бұғаттау, ұйымдастырушыларды, филиалдарды, құрылымдық бөлімшелерді орнату бойынша іс-шаралардың нәтижесінде 180-нен астам қаржылық инвестициялық компаниялар мен фирмалардың қызметі тоқтатылды. 138 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың 50-і сотталды, қалғандарына қатысты сот талқылауы жүріп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу барысында жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асатын қаражатқа, жылжымалы және жылжымайтын мүлікке (жеке үйлер, пәтерлер, жер учаскелері, көлік құралдары, кешендер және т. б.) тыйым салынды», - деді Санжар Әділов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспсөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігінің қаржы пирамидаларының алдын алу, анықтау және жолын кесу бағытында жүргізген жұмысының нәтижесінде қылмыстың осы түрі жыл сайын азайып келеді.

«Қаржы пирамидаларына қарсы тұруда біздің қызметіміз қаржы мониторингі агенттігімен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылатынын атап өту қажет. Осы органмен келіп түскен ақпараттармен алмасамыз. Алаяқтық тәсіл арқылы заңсыз кіріс алумен айналысатын компанияларды анықтау жұмысын жүргіземіз. Нәтижесінде қаржы пирамидаларының жолын кесу және оларға қарсы іс-қимыл жұмысы ерекше маңызға ие болды», - деді департамент бастығы.


Соңғы жаңалықтар