Қаржы полициясы елордамызда заңсыз жұмыс істеген казиноны тапты
АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Заңсыз ойынханалар ұйымдастыру әрекеттері еліміздің өзге аймақтарымен қатар Астана қаласында да орын алып отыр.
Бұл мәліметті бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, қаржы полициясы органы қызметкерлерінің құрығына Қарабаев пен түркиялық Өбей Мехмет Фуат атты азаматтар ілінген. Олар заңсыз пайда табу мақсатында елордамыздан заңсыз казино ашқан. Алғашында қаладағы «Шұбар» ауданында орналасқан казино, кейіннен Бөгенбай даңғылына көшірілген. Тексеру барысында ойынханада 16 дилер, 2 даяшы, 5 күзетші және 1 кассир жұмыс істеген болып шықты. Казино жұмысын кешкі 19-00-ден таңғы 07-00-ге дейін ұйымдастырған. «Ал оның күнделікті табысы 10 мыңнан 20 мың АҚШ долларына дейін жеткен. Казиноны тексеру кезінде ондағы арнайы сейфтен 296 мың 600 АҚШ доллары мен 10 мың еуро, 2 миллион 900 мың теңге табылған. Тәркіленген қаржының барлығы да мемлекет қазынасына өткізілді. Ал ойынхананы ұйымдастырған азаматтардың әрқайсысы 1 миллион 100 мың теңге көлемінде айыппұл төледі», деді ресми өкіл.