Қаржы полициясы Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Хәкімжан Жамбырбаевті ұстады - апталық брифинг

Бұл туралы бүгін брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айып маусымның 28-і күні тағылып, Хәкімжан Жамбырбаев 29-ында сот санкциясы бойынша қамауға алынды.
«Көлік және коммуникация министрлігі көліктік бақылаудың 6 бекетін станциялық таразылау құралдарымен жабдықтауға, жол төсендісін жөндеуге 210 млн. теңгеден астам қаражат бөлген. Жұмысты атқаруға жарияланған байқаудың жеңімпазы «СТ Сервис Астана» ЖШС деп танылды. Серіктестік көліктік бақылаудың 6 бекетін 210 млн. теңге сомасына қажетті техникалық құралдармен жабдықтауға міндеттенген. Бірақ келісім-шарт мерзімі аяқталғаннан соң, бүгінгі күнге дейін де ЖШС өз міндеттемелерін орындамаған. Жамбырбаев оны біле тұра, бөлінген бюджет қаражатын жымқыру мақсатында компания өкілдерімен сөз байласып, көліктік бақылау бекеттерін ретке келтіру және стансылық таразылау құралдарын сатып алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы жалған актілерге қол қойған», -деді М.Жұманбай.
Сот сараптамасы анықтағанындай «СТ Сервис Астана» ЖШС-ның басшысы Тұрлыбекованың келісім-шарттарда, жалған актілерде қолы қойылмағандығын анықтап отыр. «СТ Сервис Астана» ЖШС өзіне берілген қаржы сомасының жартысына жуығын Жамбырбаевқа қайтарып бергендігі де тергеу барысында белгілі болды. Осылайша Жамбырбаев қызмет бабын асыра пайдаланып, заңсыз түрде «СТ Сервис Астана» ЖШС-ның шотына ақша аудару арқылы 93 млн. теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған.